«Жатын бөлмеден 2 баланың мәйіті табылды»: Атырауда пәтерді қасақана өртеген ер адам ұсталды

Молдатай Сымбат

Қылмыстық іс арнайы сотта қаралып жатыр

«Жатын бөлмеден 2 баланың мәйіті табылды»: Атырауда пәтерді қасақана өртеген ер адам ұсталды
Фото: «Мой город»

Ауыр қылмыс 25 сәуір күні Атырау облысының Индер ауданында болған. Күдікті 5 қабатты үйдің екінші қабатындағы пәтерді өртеген. Салдарынан, 10 және 7 жастағы бір отбасының 2 баласы тірідей өртеніп кетті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy «Мой город» порталына сілтеме жасап.

Балалардың анасы мен 30 жастағы ер адам реанимацияға жатқызылды. Олар ес-түссіз күйде болған. Денесінің 95 пайызы күйіп қалған әйел ауруханада көз жұмды.

Полицейлер оқиға орнынан жанармай қалдықтары бар контейнерді тауып алды. Оны 31 жастағы ер адам жақын маңдағы жанармай құю станциясынан сатып алғаны анықталды. Мұны полиция бейнекамераларға түсіп қалған видеолар арқылы анықтаған.

«Күдікті жәбірленушінің танысы болып шықты. Оқиғадан кейін Оралға қашпақшы болған ол бірден ұсталды. Ер адам уақытша ұстау изоляторына қамалды», - деп хабарлады полиция.

Шілде айында тергеу аяқталып, іс сотқа жіберілді. Қылмыстық іс судья Зарема Хамидуллинаның төрағалығымен Атырау облысының мамандандырылған ауданаралық қылмыстық сотында қаралды.

Сотталушы Оразбек Саясатқа «ерекше қатыгездікпен өлтіру, кісі өлтіруге оқталу, тұрғын үйге қол сұғылмаушылықты бұзу, бөтеннің мүлкін қасақана жою» баптары бойынша айып тағылды.

Күдікті психикалық ауытқуы бар немесе ішімдік пен нашақорлыққа тәуелді адам болуы мүмкін. 

Қазіргі таңда іс бойынша куәгерлерден жауап алынып жатыр.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.