Жүріп келе жатқан көліктен бала домалады: жүргізуші жазаға тартылды
Оқиға Ақтауда болған
Ақтауда жүріп келе жатқан көліктен бала домалап құлағаны үшін жүргізуші әкімшілік жауапкершілікке тартылды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Оқиға фактісі бойынша жүргізушіге қатысты «жолаушылар мен жүктерді тасымалдау, жол қозғалысы ережелерінде көзделген қауіпсіздік белдіктерін пайдалану жөніндегі талаптарды сақтамау» бабы бойынша әкімшілік хаттама жасалды», - деп хабарлады аймақ полициясы.
ҚР ӘҚБтК-нің 593-бабына сәйкес жүргізушіге 5 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде (18 480 тг) айыппұл төлеу міндеттелді.
Еске салайық, әлеуметтік желіде оқиғаның видеосы тарады. Жүріп келе жатқан көлік бұрылған сәтте, көшенің қақ ортасында, балақай алдыңғы есіктен жерге домалап түсіп қалған. Көлікті жүргізіп отырған әйел бірден тоқтап, баланы алуға жүгірген. Абырой болғанда, бала аман, өтіп бара жатқан автобустың дөңгелектерінің астына түскен жоқ.