Алматы облысында саунада демалған судья мен прокурорға қатысты тексеріс басталды
Аталмыш видео туралы Алматы облыстық сотының баспасөз қызметі хабарлады
Алматы облысында төтенше жағдайға қарамастан саунаға барған судьялар мен прокурорлардың үстінен қызметтік тексеріс басталды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі. Әлеуметтік желілерде судья мен прокурорлардың карантин кезінде моншада түскен бейнеролигі тарап кеткен еді. Лауазымды тұлғалар туралы Алматы облыстық соты мәлімдеме жасады.
«Алдын ала мәлім болғандай, осы видеороликті түсірген Б. есімді азаматтың сот саласына ешқандай қатысы жоқ екенін хабарлаймыз. Аталған ақпарат бойынша қазіргі уақытта қызметтік тексерістер жүргізіліп жатыр. Анық-қанығын тексеріс аяқталған соң міндетті түрде хабарлаймыз. Осы орайда, азаматтарға асығыс тұжырым жасамауды, ақпаратты тұтынғанда тек ресми дереккөзге сүйенуге шақырамыз», - делінген Алматы облыстық сотының баспасөз қызметі таратқан хабарламада.
Видеороликті түсірген азамат (сауна – авт.) Панфилов ауданының прокуроры қонаққа келгенін айтады.
«Жігіттер, ОПГ-шники, бүгін маған ағам Саян Жаркенттен қонаққа келді және біз демалып жатырмыз. Жаңа ішіп-жедік. Енді моншаға алып келдім. Міне мынау соттың төрағасы, мынау Саян бауырым. Көрдің, мына жағында охотнически-махотнически жасаған. ОПГ-шники в Астане и в Алмате, не думайте, мы тоже отдыхаем» деген сөздерді айтқан азамат ары қарай демалыс орнының ішкі бөлмелерін, халатқа оранған азаматтарды көрсетеді.
Алматы облыстық сотының мәліметінше, оқиға Кербұлақ ауданының орталығы Сарыөзек кентінде болған.
Әмірболат Құсайынұлы, Алматы