Италияда суға батқан яхтадан 5 адамның мәйіті шығарылды

Молдатай Сымбат

Әлі 1 адамның денесі табылмай жатыр 

Италияда суға батқан яхтадан 5 адамның мәйіті шығарылды
Фото: ВВС/AFP

Италияда сүңгуірлер британдық кәсіпкерге тиесілі Bayesian яхтасының 5 жолаушысының мәйітін тауып, жағаға шығарды. Барлығы 6 адам хабар-ошарсыз кеткен еді, соңғы адамның денесін іздестіру жұмыстары жалғасып жатыр, деп хабарлайды Azattyq Rýhy ВВС-ге сілтеме жасап.

Дүйсенбі күні таңертең дауыл салдарынан яхта Сицилия жағалауында суға батып кетті.

Апаттан кейін іздеу-құтқару жұмыстары кезінде 15 адам құтқарылды, оның ішінде 1 жасар бала бар.

Дүйсенбі күні кеме аспазы Рикальдо Томастың денесі табылды. 6 адам хабар-ошарсыз кетті. Алдын ала мәліметтер бойынша, олардың барлығы батып кеткен яхтаның ішінде болған.

Табылған 5 мәйіттің жеке басы туралы деректер әлі жасырын. Италия заңы бойынша қаза тапқан адамды отбасы мүшесі анықтаған соң ғана ол туралы ақпарат БАҚ-қа беріледі.

Айта кетерлігі, суға батып кеткен 6 адам - 59 жастағы британдық миллиардер Майк Линч, оның 18 жастағы қызы Ханна; сондай-ақ екі ерлі-зайыпты - Morgan Stanley International директорлар кеңесінің басшысы Джонатан Блумер әйелі Джудимен және адвокат Крис Морвилло әйелі Недамен суға батқан.

Олардың біреуінің денесі әлі табылған жоқ.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.