«Скотчпен байлап қойған»: СҚО тұрғыны мен оның жиеніне шабуыл жасаған қарақшылар ұсталды
Олар үйден бағалы заттарды ұрлап кеткен

Солтүстік Қазақстан облысының полицейлері Тайынша ауданының тұрғыны мен оның жиеніне қарақшылық жасаған күдіктілерді ұстады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Қылмыс 9 тамызға қараған түні болған. Белгісіз адамдар 41 жастағы ауыл тұрғынының үйіне кіріп, оны және 12 жастағы жиенін скотчпен байлап, үйдегі бар ақшаны, екі телефонды және алтын бұйымдарды қолды қылған. Келтірілген залал сомасы алдын ала есептеу бойынша шамамен 640 мың теңгені құрады.
Шабуыл жасағандар үйден шығып кеткеннен кейін бала қолындағы скотчты тістеп шешкен. Кейін алыс емес жерде орналасқан учаскелік полиция инспекторының үйіне барып, болған жағдай туралы хабарлаған.
«Солтүстік Қазақстан облысы мен Ақмола облысының 30 бен 38 жас аралығындағы төрт күдікті анықталды. Тайынша ауданының полиция бөлімі және криминалдық полиция басқармасының жедел қызметкерлері оларды Астана қаласының аумағында ұстады. Қазіргі уақытта үш айыпталушы қамауға алынды. Ұрланған заттардың бір бөлігі тәркіленіп, тонау фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр», - деді Солтүстік Қазақстан облысы полиция департаменті криминалдық полиция басқармасының бастығы Иван Терзиди.
Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 192-бабының санкциясына сәйкес адамдар тобының алдын ала сөз байласуымен, тұрғын жайға заңсыз енумен жасалған қарақшылық 7 жылдан 12 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айырумен жазаланады.