«Балабақша күтушісі кішкентай қызды ұрған»: оқиға бойынша қылмыстық іс қозғалды
Оқиға Динара Зәкиеваның бақылауында
Атырау облысындағы балабақшада болған жағдайға қатысты облыстың бала құқығы жөніндегі уәкіл Айжан Мақсұтқызы пікір айтты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Ол балабақшада балаға қатысты оқиға қылмыстық іс қозғалғанын айтты.
«Аталған балабақша Атырау қаласындағы жекеменшік-серіктестік аясында салынған мекеменің бірі. Қазіргі уақытта орын алған жағдайға байланысты балабақша әкімшілігінен түсіндірме жұмыстары алынды. Қалалық білім бөлімі жанынан зерделеу тобы құрылып, орын алған жағдайға орай қызметтік тексеріс тағайындалды. ҚР Қылмыстық Кодексі 140 -бап. Кәмелетке толмаған адамды тәрбиелеу жөніндегі міндеттерді орындамау бойынша іс тіркелді. Орын алған жағдай құқық қорғау органдары назарында және балалардың құқықтарын қорғау Комитеті мен Динара Зәкиеваның бақылауында екенін қаперге беремін», - деді ол.
Атыраулық ата-ана балабақша күтушісі қызыма қол көтерді деп шағымданды. Ол балабақшаға барғанына үш күн ғана болған қызының маңдайы көгеріп, ауызы іскенін байқайды. Ал бала күтуші бүлдіршіннің жүгіріп ойнап жүріп құлап қалғанын айтқан.