Досының мас күйде көлік жүргізгенін жасырған: куә іс фигурантына айналды
Жалған ақпарат бергені үшін енді көкшетаулық өзі істі болды

Көкшетау қаласы прокуратурасы сот актісін зерделеу кезінде куәнің көрінеу жалған айғақтар бергендігі анықтады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Полиция қызметкерлері көлік құралын алкогольдік масаң күйде басқарған «A» азаматын ұстап алған.
«Істі сотта қарау барысында сол түні құқық бұзушымен бірге алкогольдік ішімдіктерді ішкен «B» азамат куә ретінде тартылды. Алайда, куә бұл фактіні жоққа шығарып, сотқа көрінеу жалған айғақтар берген, бұл өз кезегінде кінәлі адамды жазадан босатуға әкеп соқты», - деп хабарлады облыс прокуратурасы.
Оқиға болған түні ойын-сауық мекемесінде куә мен құқық бұзушы алкоголь ішкені анықталды. Құқық бұзушы 15 тәулікке қамауға алынды және 7 жыл мерзімге көлік құралын басқару құқығынан айырылды.
«Көрінеу жалған айғақтар бергендігі үшін прокуратура бастамасы бойынша куәға қатысты ҚК 420-бабының 1-бөлігі (сотта куәнің көрінеу жалған айғақтары) бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды. Осылайша, азамат куәдан қылмыстық іс фигурантына айналды», - делінген ақпаратта.