Балқаштағы демалыс аумағындағы жаппай улану: сотқа дейінгі тергеу басталды
29 адам медициналық көмекке жүгінді

Қарағанды облысының Полиция департаменті Балқаштың демалыс аймағында орын алған жаппай улану фактісі бойынша Қылмыстық кодекстің 304-бабының 1-бөлігіне сәйкес («Абайсызда жаппай ауруға, инфекцияға, сәулеленуге немесе адамдардың улануына әкеп соққан санитарлық ережелерді немесе гигиеналық нормативтерді бұзу») сотқа дейінгі тергеу басталғанын мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy ekaraganda.kz-ке сілтеме жасап.
Бұған дейін дәрігерлердің көмегіне Балқаш қаласындағы танымал демалыс аймағында демалған 29 адам жүгінді. Олардың 18-і ауруханаға жатқызылды.
Қарағанды облысының санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті эпидемияға қарсы іс-шаралардың басталғанын растады.
«Балқаш қаласындағы «Досжан» отбасылық пансионатында демалушылар арасында ішек инфекциясының тіркелуіне қатысты, 16 тамыздағы жағдай бойынша 29 адам медициналық көмекке жүгінді, олардың 18-і стационарлық ем қабылдауда», — деп хабарлады департаменттен.
Сотқа дейінгі тергеу жұмыстары жалғасуда, жағдай бақылауда болады.