«Каспий күні» теңіз қоқыстан тазартылды

Молдатай Сымбат

12 тамызда Халықаралық Каспий теңізі күні атап өтіледі

«Каспий күні» теңіз қоқыстан тазартылды
Фото: Қорғаныс министрлігі

Ақтауда Әскери-теңіз күштерінің сүңгуірлері Каспийдің түбін тазартты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

«Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында Қазақстан Республикасы Қарулы күштері Әскери-теңіз күштерінің сүңгуір қызметі жаппай сенбілікке қатысты.

Су астын тазалауға үш сүңгуір түсіп, 10-15 метр тереңдіктегі теңіз түбінен 250 шаршы метр аумақты қоқыстан тазалады.

«Соңғы рет теңіз түбін тазарту кезінде 10 қап қоқыс жиналса, бұл жолы 12 қапшық қалдық су бетіне көтерілді. Негізінен бұл – пластик, полиэтилен пакеттер, бөтелкелер мен темір-терсек. Тұрғындардан теңізде тазалықты сақтауды және демалыста суға қоқыс тастамауды сұраймыз», - деді 29011 әскери бөлімі сүңгуір қызметінің бастығы Сайран Әбдікәрімов.

Әскери қызметшілер тазалау акцияларын тұрақты негізде қолдауға дайын екендіктерін жеткізді.

Айта кетерлігі, 12 тамызда Халықаралық Каспий теңізі күні атап өтіледі. Себебі, дәл осы күні – 2018 жылдың 12 тамызында Каспий теңізінің құқықтық мәртебесі туралы конвенцияға Әзірбайжан, Иран, Қазақстан, Ресей және Түрікменстан елдері қол қойған.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.