Ақтөбе облысында 8 адамның өмірін қиған апаттың себебі белгілі болды

Молдатай Сымбат

Опат болған жанның бесеуі – бала

Ақтөбе облысында 8 адамның өмірін қиған апаттың себебі белгілі болды
Фото: видеодан скриншот

Полиция Ақтөбе облысында 8 адамның өмірін қиған жол апатының себебін айтты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

ҚР Қылмыстық кодексінің 345-бабы, 4-бөлігі бойынша «екі және одан да көп адамның өліміне әкеп соққан жол ережесін бұзу» ісі қозғалды.

«Белгілі болғаны, MAN автокөлігінің жүргізушісі қарсы жолаққа шыққан. Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды», - деп хабарлады Ақтөбе облысы ПД агенттікке берген түсініктемесінде.

Сонымен қатар, полиция балалардың өмірі мен денсаулығының қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі міндеттерді тиісінше орындамау фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізуде.

Барлық қажетті сараптамалар тағайындалды.

Естеріңізге сала кетейік, 7 тамызда Самара-Шымкент автожолының 862 шақырымында МАН жүк көлігі мен Toyota Ipsum минивэні соғысқан. Салдарынан минивэн жүргізушісі мен 7 жолаушысы оқиға орнында мерт болды, оның ішінде 5 мектеп оқушысы бар.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.