«Мас болған»: Павлодарда жол апатына кінәлі жүргізуші шенеунік болуы мүмкін
Оқиға салдарынан бір адам көз жұмды

Павлодарда жол талғамайтын көлік жүргізушісі Семейге қарай трассада қаладан жеті шақырым жерде өлімге әкелген жол апатын тудырғаны үшін қамауға алынды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Наша жизнь сайтына сілтеме жасап.
«Жүргізуші сот санкциясымен екі айға қамауға алынды», - деп хабарлады Павлодар облысы полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Еске салсақ, 26 шілдеден 27 шілдеге қараған түні болған жол апаты салдарынан 71 жастағы ер адам оқиға орнында қайтыс болды. Тағы екі зардап шеккен: 16 жастағы жасөспірім мен 58 жастағы ер адам ауруханаға жеткізілді.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасының ақпараты бойынша, зардап шеккен ер адам Павлодардың бірінші қалалық ауруханасының жансақтау бөлімінде жатыр. Оған «жабық бас-ми жарақаты, ми шайқалуы, қабырғаларының сынуы және жабық кеуде жарақаты» деген диагноз қойылған. Жасөспірім ми шайқалуымен, жарақаттарымен және сырылған жерлерімен облыстық балалар ауруханасына жатқызылды.
Дәрігерлер зардап шеккендердің жағдайын тұрақты деп бағалап отыр.
Апат кезінде жол талғамайтын көлік жүргізушісі алкогольді мас күйінде болғаны белгілі. Қайтыс болған 71 жастағы жүргізушінің әйелі әлеуметтік желілерде апатқа кінәлі азамат Астанадан келген жоғары лауазымды шенеунік екенін хабарлады.