Қарағандыда ферроқорытпа зауытындағы ТЖ: 5 адам өте ауыр халде
20 шілдеде Ydd Corporation компаниясының ферроқорытпа зауытында төтенше жағдай орын алды

Қарағанды облысының әкімі ферроқорытпа зауытындағы жазатайым оқиғаны тергеуді жеке бақылауына алды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Жағдай туралы жауапты органдар аппараттық кеңесте баяндады.
«Өздеріңіз білетіндей, ферроқорытпа зауытында штаттан тыс жағдай орын алды. Өкінішке қарай, 8 қызметкер зардап шекті. Қазір барлығына қажетті медициналық көмек көрсетілуде. Мен зардап шеккендердің туыстарымен жеке кездестім, дәрігерлермен де сөйлестім. Медицина қызметкерлері қолдан келгеннің бәрін жасайды», – деді облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев.
Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Бибігүл Төлегенованың айтуынша, зардап шеккен бес адамның жағдайы өте ауыр, үшеуінің жағдайы ауыр деп бағаланды. Кешенді шокқа қарсы терапия жүргізіледі.
Ydd Corporation-ге қатысты ферроқорытпа зауытында болған оқиға фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды. ҚР ҚК 156-бабының 2-бөлігі бойынша «абайсызда денсаулыққа ауыр зиян келтіруге әкеп соққан еңбекті қорғау ережелерін бұзу» бойынша тергеу амалдары басталды.
Еске салайық, 20 шілдеде Қарағандыдағы Ydd Corporation компаниясының ферроқорытпа зауытында төтенше жағдай орын алды. Таңғы 4:10 шамасында жалынның шығуы салдарынан 8 адам зардап шекті.
Олардың бәрі Мақажанов атындағы көпсалалы ауруханаға жеткізілді. Денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, қызметкерлердің барлығы күйік жарақатын алған.
YDD Corporation бұл оқиғаны «штаттан тыс жағдай» деп атады, пеште жалын «кенеттен» шықты, деп хабарлады корпорация.
YDD Corporation – ыстыққа төзімді болаттар үшін қолданылатын жоғары сапалы ферросилиций зауыты. Компанияда 900-ге жуық қызметкер жұмыс істейді. Бұл зауытта жылына 240 мың тонна ферросилиций өндіріледі. Кәсіпорында төрт балқыту пеші жұмыс істейді.
Зауыт құрылтайшыларының арасында Ерлан Нығматулин (Парламент Мәжілісінің бұрынғы спикері Нұрлан Нығматулиннің егіз ағасы), Давид Кемертелидзе және Жармұхамед Аппаз (кәсіпкер Дінмұхамет Ыдырысовтың ұлы, «Қазақстандық коммуналдық жүйелер», Ordabasy Group және басқа да кәсіпорындардың иесі) бар.