Балағаттаған, темекі шеккен: Тараз полициясы Ресей азаматын ұшақтан түсе ұстады
Жолаушы масаң күйде болған
Ұшақта құқық бұзушылықтар жасаған шетелдік азамат 5 тәулікке қамауға алынды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Тараз қаласының әуежайына Дакка-Внукова бағытындағы әуе рейсі ұшып келгеннен кейін желілік полиция бөлімшесінің қызметкерлері құқық бұзушыны анықтап, әуе компания өкілдерінің актісі бойынша рейстен түсіріп алды.
«Тексеру барысында көлік полицейлері Ресей Федерациясының 30 жастағы азаматын анықтады. Ер адам ұшу кезінде мас күйде болып, экипаждың талаптарын орындамаған және әуе акомпания қызметкерлерін балағаттаған. Сондай-ақ ол Қазақстан Республикасының заңнамасымен тыйым салу белгіленген орындарда темекі шеккен», - деп хабарлады полиция.
Ресейлік азамат алкогольдік ішімдіктерді ішкені немесе қоғамдық орындарға масаң күйінде келгені, темекі өнімдерін тұтынуға тыйым салуды және әуе кемесіндегі тәртіп ережелерін бұзғаны үшін 23 АЕК мөлшерінде айыппұл салынды. Ұсақ бұзақылық жасағаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Сот шешімімен шетел азаматы ұсақ бұзақылық жасағаны үшін 5 тәулікке қамауға алынды.