Көрші 4 ел аумағында алтын ұрлауды хобби еткен әйел ұсталды
Ол Жамбыл облысынан табылды

Жамбыл облысында Ресей, Қазақстан, Өзбекстан және Қырғызстан аумағында зергерлік дүкендерден алтын ұрлап жүрген әйел ұсталды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Ол – 43 жастағы Қырғызстан Республикасының азаматшасы.
Жамбыл облысы полиция департаментінің хабарлауынша, әйел 2023 жылдың қараша айынан бастап Өзбекстан Республикасы қылмыстық кодексінің 169-бабы 2-бөлігінде (Ұрлық) көзделген қылмыс жасағаны үшін мемлекетаралық іздеуде болған.
«Ол Ресей, Қазақстан, Өзбекстан және Қырғызстан аумағында зергерлік дүкендерден алтын бұйымдар ұрлаған. Біздің елдің аумағында Жамбыл облысы Қордай ауданындағы зергерлік дүкеннен алтын бұйымдарды ұрлап кеткен. Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамаққа алынды және Өзбекстан Республикасы Самарқанд облысының ІІБ қызметкерлеріне берілетін болады», - деп хабарлады Жамбыл облысы полиция департаменті.