Жасанды интеллект: Испанияда 15 мектеп оқушысы сыныптас қыздарды «шешіндірген»
Жасөспірімдерге қатысты сот үкім шығарды

Испанияның оңтүстік-батысында жасөспірімдер сыныптастарының жалған суреттерін таратқан. Яғни, сыныптас қыздардың суретін жасанды интеллект көмегімен «шешіндірген». Бұл үшін 15 жасөспірім 1 жылдық сынақ мерзімін арқалады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
The Guardian хабарлауынша, оқиға Альмендралехо қаласында болған. Былтыр ата-аналар қыздарының жалған жалаңаш суреттері таратылғанын хабарлаған.
Жәбірленушіің бірінің анасы WhatsApp-та фотосуреттерді тарату шілде айынан бері жалғасып келе жатқанын айтты.
«Қыздар қорқып кетті, үнсіз зардап шекті. Депрессияға ұшырады», - деді ол Reuters агенттігіне.
Сейсенбіде Бадахос қаласындағы кәмелетке толмағандар соты «балаларға қатысты зорлық-зомбылық фотоларын жасағаны үшін» 20 айып бойынша және «моральдық тұтастығына қарсы қылмыстар үшін» 20 айып бойынша 15 жасөспірімді кінәлі деп тапты.
Айыпталушылардың әрқайсысына бір жылдық сынақ мерзімі тағайындалды және гендерлік және теңдік туралы хабардарлықты арттыру, сондай-ақ «технологияны жауапкершілікпен пайдалану» сабақтарына қатысуға бұйрық берілді.
«Үкімде кәмелетке толмағандар жасанды интеллект қосымшаларын қолданғаны, әлеуметтік медиа профильдерінен қыздардың түпнұсқа беттерін алып, бұл суреттерді әйелдердің жалаңаш денелеріне қойғаны дәлелденгені атап өтілді», - делінген сот мәлімдемесінде.
«Өңделген фотосуреттер екі WhatsApp тобында жарияланды», - деді сот.
Полиция суреттерді жасауға және оларды желіде таратуға жауапты 13 пен 15 жас аралығындағы 15 жасөспірімді анықтады.
Испания Заңы бойынша жасөспірімдер оңалту курстарынан өтуі тиіс.