Тараздағы жарылыстың алдын ала себебі белгілі болды
Аталмыш оқиғадан зардап шеккендер жоқ
Тараздағы шағын аудандардың бірінде болған жарылыс жер асты жоғары вольтты электр беру желісінің тұйықталуына байланысты болуы мүмкін, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
QazaqGaz Aimaq ақпараты бойынша, сенбі күні сағат 21:50-де компанияның Жамбыл өндірістік филиалының апаттық-диспетчерлік қызметіне Қарасу шағын ауданында қатты жарылыс болғандығы туралы хабарлама келіп түсті. Қалалық қызметтер оқиғаның себептерін анықтап жатыр.
«Алдын ала болжам бойынша, жер асты жоғары вольтты электр желісінің тұйықталуы орын алды», - делінген компания хабарламасында.
Әлеуметтік желіде газ құбыры жарылды деген ақпарат тарады, бірақ Жамбыл өндірістік филиалының мәліметінше, оқиға орын алған жерден газ құбыры өтпейді, жарылыс басқа себептермен болған.
«Газ шаруашылығы қызметінің мамандары оқиға орнын газ талдағышпен зерттеді, ауада газ концентрациясы табылған жоқ», - деп хабарлады компания.
Қазір оқиға орны қоршалған, онда коммуналдық қызмет өкілдері жұмыс істеуде, жарылыстың себептері анықталуда. Зардап шеккендер жоқ.
Естеріңізге сала кетейік, Тараздағы шағын аудандардың бірінде жарылыс болып, оқиға камераға түсіп қалған еді.