Алматыда сот шешімімен көлік жуу нысаны сүрілді
Ол арнайы рұқсатсыз салынған
Алматыда сот шешімімен көлік жуу нысаны сүрілді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Алматының қала құрылысын бақылау басқармасының мәліметінше, нысан заңсыз салынған. Бекмаханов көшесінің батысында Солтүстік айналма көшесінің солтүстік жағындағы учаскедегі нысанды жоспардан тыс тексеру барысында тиісті рұқсат құжатының жоқтығы анықталды.
Басқарма аудандық сотқа заңсыз тұрғызылған нысанды бұзуға шағым түсірген. Жетісу аудандық сотының 2022 жылғы 9 маусымдағы шешімімен автокөлік жуу орны рұқсатсыз өз бетінше салынған деп танылды.
Жақында меншік иесі қалалық әділет департаменті сот орындаушыларының қатысуымен нысанды ерікті түрде бұзды.
Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаевтың заңсыз құрылысқа бақылауды күшейту жөніндегі тапсырмасы аясында былтыр жыл басынан бері 38 заңсыз нысан толық немесе жартылай бұзылды. Оның ішінде «Мечта», KHAN, «Граф», «Алма Гарден» тұрғын үй кешені және тағы басқалары бар.