Қазақстандағы танымал белсенді Бурахан Дақановтың үйі өртеніп кетті
Өрт кезінде Дақанов құрған "TAUEKEL" қоғамдық ұйымының құжаттары да жанып кеткен
Солтүстік Қазақстан облысын қоныстандырып жүрген белсенді, "TAUEKEL" ұйымының жетекшісі Бурахан Дақановтың үйі өртеніп кетті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Бұл туралы белсенді өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында жазған. Дақановтың айтуынша, өртке тоқтың сымы себеп болған.
«Кеше түнде Сергеевкадағы (СҚО-дағы ауыл – ред.) үйім аяқ асты жанып кетті. Үйдің төбесіндегі тоқ сымынан ақау шығып, бірінші төбесі жанған екен. Өрт кезінде қалың ұйқыда жаттық. Әйелімнің жан дауысы шыққан бөлмеге барсам, үйдің төбесінен шоқ тамып жатыр екен. Бала-шағаны алып, есіктен қашқанда, жел үрлеп, төрдегі екі бөлме бірден отқа оранды. Қысқасы, ағаштан салынып, терезесі пластик, сырты пенопластан қапталған үй 15-20 минутта жанып, жоқ болды. Отбасымның құжаты,"TAUEKEL" ұйымына тиесілі құжаттар, киім-кешек, телефон, ноутбук сияқты дүние-мүлкіміз түгел жоқ болды», - деп жазды Дақанов.
Белсендінің айтуынша, қазір жергілікті әкімдік оған жан-жақты көмек беріп жатыр. Белсенді қазір отбасымен бірге көршілерінің үйін паналап отыр.