Құлыбаевтың әкесіне тиесілі мұнай терминалы мемлекетке қайтарылды

Azattyq Rýhy

Оның құны 66 млн АҚШ доллары тұрады

Ақтау халықаралық теңіз сауда портының акваториясында орналасқан, құны 66 млн АҚШ доллары болатын ауданы 134 гектар мұнай терминалы мемлекет меншігіне қайтарылды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

«Алматы қаласы прокурорының талап-арызы Асқар Құлыбаевқа тиесілі компанияның шетелдік инвестордың меншігін заңсыз алып қоюы нәтижесінде келтірілген залалды өтеу мақсатында берілген. Анықталғандай, 2011 жылы мұнай терминалы Құлыбаев компаниясының меншігіне алынған. 2024 жылдың 26 ақпанында Маңғыстау облысы Мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының шешімімен Алматы қаласы прокурорының талап-арызы қанағаттандырылды, мұнай терминалы мемлекет меншігіне қайтарылды», - делінген ақпаратта.

Сот актісі заңды күшіне енді. 

Еске салсақ, бұған дейін Құлыбаевтарға тиесілі «Mercury Properties» компаниясы Алматыдағы Мәншүк пен Әлия атындағы сквердің бір бөлігіне иелік ететінін жазған едік. Қазір Құлыбаевтар тұрғындардың қарсылығына қарамастан мемориалды парктің ішіне мейрамхана салуға тапсырыс беріп, құрылысты бастап кеткен.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.