ІІМ комитеті қызметкерлері үстінен жемқорлық бойынша 188 қылмыстық іс қозғалған
Агенттік соңғы үш жылда қылмыстық-атқару жүйесі комитетіне қатысты қозғалған жемқорлық фактілерін жария етті

Ішкі істер министрлігі қылмыстық-атқару жүйесі комитеті мен ведомствоға бағынышты ұйым «Еңбек» РМК қызметкерлеріне қатысты соңғы үш жылда жемқорлық бойынша 188 іс қозғалған. Оның ішінде 138 қылмыстық іс өндіріспен аяқталып, 134 іс сотқа жолданды. Бұл туралы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің аппарат басшысы Қуаныш Жапақов айтты.
«Сыбайлас жемқорлық қылмыстары үшін Қылмыстық-атқару жүйесі Комитетінің 47 қызметкері әртүрлі мерзімге бас бостандығынан айрылып, бас бостандығы шектеліп және айыппұл төледі. Анықталған қылмыстардың ең көбі – парақорлық, қызмет бабын асыра пайдалану және жымқыру фактілері. Қызылорда облысы бойынша ҚАЖД басшысының орынбасары Т. Тұрсынбаев жалпы қамқорлығы үшін бағынышты қызметкерден 132 мың теңге көлемінде пара алғаны үшін 3,5 жылға сотталған, Алматы қаласы және Алматы облысы бойынша мекеме басшысы Қасымбековке ақша жымқырғаны үшін 5,9 млн теңге айыппұл салынды, Астана қаласы бойынша Әбен 3 жылға және оның орынбасары Мұсаев 2 жылға бас бостандығынан айрылды», - деді Қ.Жапақов.
ҚАЖК-ге қарасты «Еңбек» кәсіпорнының лауазымды тұлғаларына қатысты 30-дан астам қылмыс тіркелген.
«Мысалы, Алматы облысында ІІМ ҚАЖК түзету мекемелерінің «Еңбек Жауғашты» филиалының экс-директоры мен заңгеріне қатысты тергеу аяқталды. Олар жасалған жұмыстардың жалған актісіне қол қою арқылы облыстың 7 өрт сөндіру бөлімінің құрылысына бөлінген 187 миллион теңге сомасындағы бюджет қаражатын жымқырды деген күдікке ілініп отыр. Ақтөбе облысының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі ІІМ ҚАЖК «Еңбек-Ақтөбе» РМК филиалы директорының м.а. қатысты сотқа дейінгі тергеуді аяқтады. Ол Мұғалжар ауданының Қандыағаш қаласындағы саябақты абаттандыру үшін қаражат аудару кезінде жеке кәсіпкерлік өкілінен жалпы қамқорлығы үшін 700 мың теңге көлемінде ақша алды деген күдікке ілінді. Қазіргі уақытта бұл істер соттың қарауында», - деп айтты олар жайлы агенттік өкілі.
Ал «Еңбек-Семей» РМК директоры Құсайынов пара алғаны үшін 7 жыл 5 айға, «Еңбек-Қостанай» РМК директоры В.Шестюк пен бас инженері А. Нам 6 жылға, «Еңбек-Ақтөбе» РМК-ның директоры М. Кенжебаев 5 жылға сотталған. «Еңбек-Орал» РМК директоры Ю. Маркс 1,4 млн теңге айыппұл төлеген.
«Еңбек» мекемесінің 30 қызметкері жұмыстан босатылу, мемлекеттік функцияларды атқарудан босату сияқты тәртіптік жауапкершілікке тартылыпты.
Абай Сейфулла, Нұр-Сұлтан