Шымкенттің обаға қарсы күрес станциясының басшысы сотталды

Лауазымды тұлғаларға пара алды және ақша жымқырды деген айып тағылды

Шымкенттің обаға қарсы күрес станциясының басшысы сотталды
Фото: freepik.com

Шымкентте обаға қарсы қызметтің лауазымды тұлғаларына сот үкімі шықты, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

Үкім Шымкент қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотында оқылды.

Антикордың ақпаратынша, ҚР Денсаулық сақтау министрлігі «Шымкент обаға қарсы күрес станциясы» РММ бастығы Р.Сайлаубекұлы, «Отырар обаға қарсы күрес бөлімшесінің» РММ филиал бастығы Г. Абишова, сонымен қатар бас бухгалтері Ш. Зейілбекова кінәлі деп танылып, жалпы сомасы 48,4 млн теңге айыппұл арқалады. Сондай-ақ оларға мемлекеттік қызметте лауазым атқаруға өмір бойына тыйым салынды.

Анықталғандай, олар жұмысқа орналасу үшін пара алған және берген, бұған қоса жалған іссапар шығындарын рәсімдеу арқылы 2 млн теңге жымқырған.

Үкім заңды күшіне енген жоқ.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.