«Қазір сот жүріп жатыр»: Қызылордада қаңырап тұрған жылыжайға қатысты ресми мәлімдеме шықты
Аймақтағы 70 жылыжай 25 гектар жерді алып жатыр
Жылыжай кешенінің құрылысы 2012 жылдың наурыз айында басталды және осы күнге дейін нысандардың құрылысы аяқталмағандықтан, пайдалануға берілмеген, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
Azattyq Ruhy тілшісі Қызылорда облысындағы ондаған жылыжайдың бос тұруына қатысты Қызылорда облысының әкімдігіне хабарласты. Әкімдік ауыл шаруашлығы басқармасына сілтеп, соңында «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ ресми жауап берді.
«Мүлікке меншік құқығын растайтын құжаттар рәсімделмеген. Жыл сайынғы мониторинг деректеріне тіркелген құжаттамаға сәйкес, 2017 жылдан 2020 жылға дейін (5-10 жылыжайда) жылыжайларда көкөніс егілген. Қалған уақытта жылыжайлар бос тұрды. Қызылорда облысының Қызылорда қаласына қарасты «Қаратоғай» шатқалы мекен-жайында орналасқан жалпы ауданы 28 000 шаршы метр құрайтын 5 гектар жер учаскесі бар 70 шағын жылыжай кешені «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ балансынан аяқталмаған құрылыс түрінде қолданыстағы лизингке берілген»,- деп хабарлады қор.
Сондай-ақ қабылдау-тапсыру актісі бойынша қаржы лизингі шартына сәйкес 9 жылға, 2026 жылға дейінгі мерзімге лизинг нысанын қалпына келтіру және жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін жеке кәсіпкерге берілген. Қалпына келтіру және жөндеу жұмыстары аяқталғаннан кейін жылыжай кешенін пайдалану мүмкіндігін анықтау актісіне қол қойылуы тиіс болған.
Лизинг алушы ұсынған бизнес-жоспарға сәйкес, қалпына келтіру жұмыстары аяқталғаннан кейін жылыжайларда көкөністер (қияр мен қызанақ) өсіру жоспарланған болатын. Лизинг алушы 70 жылыжайды жабдықтап, толық өндірістік қуатта іске қосуы тиіс еді. Бірақ ол келісімшарт негізіндегі міндетін атқарған жоқ. Қазіргі уақытта жылыжайлар жұмыс істемегендіктен лизинг алушы ондағы мүліктердің сақталуына жауапты.
Лизинг алушының қаржы лизингі шартының талаптарын орындамауына байланысты 2021 жылы «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры»АҚ-ның мерзімі өткен берешегін өндіріп алу туралы Қызылорда облысының Мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының шешімі шықты.
2021 жылғы желтоқсанда «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» «Аграрлық несие корпорациясына» қосылып, таратылып кеткені белгілі.
«Аграрлық несие корпорациясы» АҚ тарапынан қаржы лизингі шартын бұза отырып, лизинг нысанын қайтарып алу, несие берешегін (оның ішінде келтірілген залалды) өндіріп алу туралы сотқа талап арыз берілді. Қазіргі уақытта Корпорацияның бастамасы бойынша лизинг алушыға қатысты сот процессі жүріп жатыр.