Алматыда Мохнатка тауындағы ағаштар өртеніп жатыр
Тауды ТЖД мамандары ертеңге дейін күзетеді
Мохнатка тауындағы жарты гектардан астам орман күлге айналған. Өртті сөндіруге ауыр техника мен қырыққа жуық маман аттанған деп хабарлайды Azattyq Ruhy тілшісі.
«Медеу ауданындағы күштік құрылымдар табиғи өртке қарсы тұруға алдын-ала дайындалған жоспарға сәйкес әрекет етуде. Өртті сөндіруге ТЖД шоғырландырылған жедел-құтқару жасағынан 24 адам, 5 бірлік техника, Іле-Алатауы МҰТП-нан 15 адам, 2 бірлік техника жұмылдырылды. Өртті сөндіру үшін «Ермак» рюкзакты өрт сөндіру және траншея құралдары (жарылғыштар мен күректер) пайдаланылды. Желді ауа-райына қарамастан, қабылданған шаралардың арқасында 0,5 га аумақты қамтыған өрт ауыздықталды», - деп хабарлады Алматы қаласы ТЖД баспасөз қызметі.
Қазіргі уақытта құрғақ ағаштардан қалған қалдықтар әлі де жанып жатыр. Тауды өрт сөндірушілер түнімен күзетіп шықпақ.