Бишімбаевтың адвокаты неден қорқып жүр
Ерлан Ғазымжановқа көрсетілген қоқан-лоқыға байланысты тергеу амалдары басталды

Полиция бұрынғы Ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаевты сотта қорғаған, адвокат Ерлан Ғазымжановқа көрсетілген қоқан-лоқыға байланысты тергеуді бастады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
ҚР ІІМ деректеріне сай, Астана қаласы Сарыарқа ауданының полиция басқармасы белгісіз тұлғалардың қорқытуы бойынша Қылмыстық кодекстің 409-бабының 2-бөлігі (Сот төрелігін жүзеге асыруға немесе сотқа дейінгі тергеп-тексеруге байланысты қорқыту немесе күш қолдану әрекеттері) бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеруді бастады.
«Қазір істің барлық мән-жайын толық және жан-жақты зерделеуді қамтамасыз етуге бағытталған тергеу әрекеттері жүргізіліп жатыр. Оның нәтижесі бойынша процессуалдық шешім қабылданады», - делінген хабарламада.
Еске сала кетейік, осыған ұқсас жайт сотты жүргізген судья Айжан Құлбаеваға қатысты орын алған.
2024 жылы 13 мамырда азаматтық некедегі әйелі Салтанат Нүкенованы аса қатыгездікпен өлтірді деп айыпталған бұрынғы ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаев 24 жылға бас бостандығынан айырылды.