«500 метр жерге 15-20 минут жүреміз»: Астананың сол жағалауындағы шұңқыр жолды жөндеуге ақша табылмай отыр (ВИДЕО)
Тұран даңғылынан Қазыбек би көшесіне дейінгі «Дәстүр» тұрғын үй кешеніне баратын жерде жол жоқ

Астана қаласының тұрғындары елорданың сол жағалауындағы жолды видеоға түсіріп, әлеуметтік желіге жүктеген. «Дәстүр» тұрғын үй кешенінің тұрғындары 500 метр жер жүру үшін 20 минут уақыт кететінін айтады, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
«Бұл «Дәстүр» тұрғын үй кешеніне апаратын жол, шұңқыр, тесік. Осы 500 метрдей арақашықтыққа машинамен 15-20 минут жүріп барамыз. Машинаның да түгі қалмайды. Не әкімдік, не құрылыс компаниясы шара қолданбайды. XXІ ғасырда бұл жолмен жүрсем, көне заманда жүргендей боламын», - деп жазған тұрғындардың бірі.
Публикация астына пікір қалдырған Астана қаласының Көлік және жол-көлік инфрақұрылымын дамыту басқармасының өкілдері бұл жолды жөндеу үшін әзірге ақша қарастырылмағанын мәлім етті.
«Басқарма «Тұран даңғылынан Қазыбек Би көшесіне дейінгі Е77 көшесінің құрылысы» жобасы бойынша бастапқы деректерді жинап жатыр (Тұран даңғылынан салынып жатқан жайлы мектепке дейінгі жол). Болжамды мерзім – 2024 жылдың соңы. Осыдан кейін ғана, яғни, 2025 жылы қаржыландыру бөлінген жағдайда, конкурс жарияланады. «Дәстүр» тұрғын үй кешеніне дейінгі учаскеде (жобалық атауы) 2024-2026 жылдарға арналған бекітілген қаржыландыру жоспарында жобалау мен салу жоспарланбағанын хабарлаймыз», - деп жазды басқарма өкілдері.