Алматы облысында жол апатынан 25 турист зардап шекті
Апатқа ұшыраған автобуста барлығы 37 жолаушы болған
Алматы облысында туристер мінген автобус жолдан шығып кетіп, апатқа ұшырады, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
«2024 жылдың 27 мамырында сағат 10:20-да Алматы облысы, Кеген ауданы, Еңбекшіқазақ ауданымен шекаралас аумақта туристер мінген автобус жол апатына түсті. Алдын ала ақпарат бойынша, автобус «Қазавтожол» желісіне кіретін «Аласа» асуындағы күрделі жол бұрылысында жолдан шығып кеткен. Оқиға орнына дереу Кеген ауданынан екі жедел жәрдем бригадасы барды»,- делінген хабарламада.
Автобуста 37 адам болған. Алматы облысының Кеген аудандық ауруханасына 5 адам, Шелек аудандық ауруханасына 4 адам түсіп, Жалаңаш дәрігерлік амбулаториясына 16 адам жеткізілген. Қаза тапқандар жоқ.
Дәрігерлер, 4 науқастың жағдайы орташа ауырлықта, қалғандарының жағдайы жақсы деп бағалады. Жол көлік апатына ұшыраған пациенттердің бәрі дәрігерлердің бақылауында жатыр.