Ақтөбелік студент суға батып бара жатқан сәбиді құтқарып алды
Қазір 5 жасар бала ауруханада жатыр
Ақтөбе облысында Нұржан Рашид есімді 19 жастағы студент өзенге ағып кеткен сәбиді құтқарып қалды, деп жазады «Диапазон».
Оқыс оқиға 21 сәуір күні Ырғыз ауылында болған. 5 жасар бала жағада ойнап жүріп, кенет суға түсіп кеткен. Өзен суы оны жағадан 8 метрге дейін ағызып алып кетіпті.
Ағып бара жатқан сәбиді көрген Нұржан ойланбастан өзенге түсіп, өзі де тереңдігі 2 метр суға батып кете жаздаған. Баланы жағаға алып шыққан кезде ол есін білмейтін халде болыпты. Студент жігіт оған алғашқы медициналық көмек көрсетіп, жүрегін уқалап, есін жиғызған.
Облыстық ТЖД мамандарының айтуынша, Нұржан дер кезінде және дұрыс әрекет етпегенде, сәбиді аман алып қалу мүмкін болмас еді. Қазір кішкентай бала ауруханада дәрігерлердің қарауында жатыр. Оның өміріне қауіп төніп төніп тұрған жоқ.
Нұржан Рашид Жұбанов атындағы университеттің екінші курсында оқиды. Қазір төтенше жағдайға байланысты ауылында қашықтан оқып жүр.