Алматы облысында сирек кездесетін өсімдіктерді жинаумен айналысқан екі азамат ұсталды
Олардан 2,5 келіден астам сирек кездесетін өсімдік тамырлары табылды
13 сәуірде Алматы облысында шекаралық режимді бұзған Қазақстанның екі азаматы ұсталды. Бұл туралы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің баспасөз қызметі хабарлады.
«Олар сирек кездесетін өсімдіктерді жинаумен айналысқан. Оларды тексеру барысында өсімдіктерді қазу құралдары мен 2,5 келіден астам «сұрғылт түсті сепкілгүл» тамырлары табылды. Қазіргі уақытта уәкілетті органдар алынған тамырларға сараптама жасауда. Өсімдіктің түрі расталған жағдайда, құқықбұзушылар жауапкершілікке тартылады», - делінген хабарламада.
Еске сала кетейік, Қылмыстық кодекстің 339-бабы «Сирек кездесетін және жоғалып кетуге жақын, сондай-ақ пайдалануға тыйым салынған өсімдіктерді немесе жануарларды, олардың бөлшектері мен өнімдерін заңсыз алу» бойынша жауапкершілік қарастырылған.