СҚО-да коронавирус жұқтырғандар саны көбейді
Тағы бір науқас COVID-19 індетін Ресейден жұқтырып келген
Солтүстік Қазақстан облысында тағы бір адамның коронавирус инфекциясын жұқтырғаны белгілі болды. Бұл туралы өңірлік Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасын бақылау департаментінің баспасөз қызметі хабарлады.
19 сәуір күні кешке қарай 1994 жылы туған азаматтан коронавирус инфекциясы табылды.Солтүстік Қазақстан облысы Мамлют ауданының тумасы 15 сәуірде РФ Түмен қаласынан келген екен. Сол күні COVID-19 індетіне тексерілгенде, тест нәтижесі теріс болып шыққан.
«18 сәуірде науқастың дене қызуы 37,9 градусқа дейін көтеріліп, бас ауыра берген соң провизорлық стационарға ауыстырылды. Сол жерде коронавирус инфекциясы анықталғаннан кейін науқас №1 қалалық аурухананың жұқпалы аурулар бөліміне жатқызылды. Инфекциялық бөлімшеге түскен кездегі жағдайы қанағаттанарлық, дене қызуының көтерілуі байқалмайды. Бекітілген хаттамаға сәйкес тиісті ем алып жатыр», - делінген хабарламада.
Қазір науқастың кіммен байланыста болғанын анықтау мақсатында эпидемиологиялық тексеру жүріп жатыр. Ауру ошақтарында дезинфекциялық жұмыстар жүргізілді.
Айта кетсек, қазіргі уақытта СҚО-да қауіпті індет жұқтырғандар саны 30 адамға жетті.