Теңізде мұнайшылар бас көтерді
Олар өзге кәсіпорынның жұмысшыларымен бірге тұрудан бас тартқан
Теңіздегі Болашақ вахталық ауылында болған бас көтеру туралы бірнеше видеоролик 19 сәуірде Instagram әлеуметтік желісінде тарады.
Видеокадрлардан ондаған адамның ғимарат жанына жиналғанын көруге болады. Сондай-ақ, терезелердің сынған дауысы мен адамдардың балағаттағаны анық естіледі.
«Ақ жайық» порталының жазуынша, жұмысшылардың жаппай бас көтеруіне себеп – коронавирус жұқтырудан қауіптенуі болған. Олар өзге вахталық қалашықтардан жұмысшылардың көшіп келуіне түбегейлі қарсы болыпты.
Ал, «Теңізшевройл» компаниясының өкілдері болса алаңдауға негіз жоқ екенін айтып отыр. Болашақтағы жатақханаларға расымен де өзге вахталық қалашықтардан жұмысшылар келген, алайда, олар келесі күні үйлеріне қайтатын көрінеді. Сондай-ақ, жаңа келген персоналдың бәрінен экспресс-тес арқылы анализ алыныпты және ешбірінен коронавирустың белгілері анықталмаған.