Астанада Айкөл Манас ескерткіші салтанатты түрде ашылды
Ашылу салтанатына Қазақстан және Қырғызстанның президенттері қатысты
Қасым-Жомарт Тоқаев пен Садыр Жапаров Астанадағы Айкөл Манас ескерткішін салтанатты түрде ашты, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
«Екі жыл бұрын Бішкекте ұлы Абайдың ескерткіші ашылғанын білесіздер. Мен сол шараға арнайы барып қатыстым. Мұндай игі бастамалар екі елдің достық байланысын нығайта түсетіні сөзсіз», – деді Қазақстан Президенті.
Қырғызстан Президенті Садыр Жапаров Манас жыры қырғыз халқының тарихи және рухани мұрасына айналғанын атап өтіп, ұрпақтан ұрпаққа жеткеніне тоқталды.
«Дүниежүзілік ауыз әдебиетінің ең ұлы туындысы болған Манас эпосын зерттеуде қазақ халқының біртуар тұлғаларының қосқан үлесі зор екенін айту – тарихи әділеттілік. Бұл орайда талантты зерттеуші Шоқан Уәлиханов Манас эпосына қызығып, қағаз бетіне түсіріп, ғылыми айналымға енгізді. Сондай-ақ ұлы жазушы Мұхтар Әуезовтің Манас туралы алғашқы монографиялық еңбек жазғаны қазақ-қырғыз арасында кеңінен мәлім. Сондықтан бүгін Қырғызстан мен Қазақстан қарым-қатынасындағы тарихи күн. Айкөл Манас ескерткішінің қазақ жерінде ашылуы екі елдің бауырластығын тағы бір мәрте дәлелдеді», – деді Қырғызстан Президенті.