Елсияр Қанағатов Парижге баратын қазақ спортшыларына испан брендінің формасын кигізгісі келеді
Ұлттық Олимпиада комитеті Спорт дирекциясының директоры Елсияр Қанағатов бұл ойын бүгін Астанада айтты

ХХХІІІ жазғы Париж Олимпиадасына баратын Қазақстан құрамасының киім формасы қандай болатыны әлі белгісіз. Өйткені, бұған дейін киім дизайнын анықтау үшін өткен конкурсты комиссия қабылдамай, Олимпиадаға 3 ай қалғанда дизайнерлерге қайта конкурс жариялаған. Спорт дирекциясы оның қорытындысын бүгін, 17 сәуірде жариялайды, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
Осы аралықта, Париждегі жазғы Олимпиада ойындарына қатысатын спортшыларды қолдау мақсатында бүгін Астанада ұйымдастырылған «Qazaq Olympic Style - өткеннен болашаққа» көрмесін пайдалана отырып біз шенеуніктерге ұлттық құраманың киім үлгісіне қатысты мазалаған сұрақтарымызды қойдық.
ҚР Туризм және спорт министрінің кеңесшісі Диас Ахметшәріптің айтуынша, шамамен 15 дизайнер жұмыстарын ұсынған. Ахметшәріп тігіншілер шілде айына дейін ұлттық құраманы "киіндіріп" үлгереді дейді.
«Форма дизайнын анықтау үшін үлкен комиссия құрылды. Олимпиада ойындарына әлем бойынша 205 ел қатысады. Бұл біріншіден спорттық жарыс болса, екіншіден киімдердің ресми емес конкурсы сияқты өтеді. Сондықтан формамызда міндетті түрде елтаңба, ту, олимпиада ойындарының символы көрінуі керек. Олимпиадаға арналған спорттық киім – барлығы 12-15 жабдықтан тұрады. Әлі де уақытамыз бар. Тігіншілер тігіп үлгіреді», - деді Диас Ахметшәріп.
Оның айтуынша, киімдердің дизайны анықталған соң, оны тігетін фабрика немесе жеке кәсіпкерді анықтау үшін тағы бір, жаңа конкурс жарияланады.
«Париж қаласы шілдеде қатты ыстық болып тұрады. Сондықтан спортшыларымыз ауа өткізетін, сапалы матадан тігілсе деген ұсыныс берген. Оны кім тігетіні, нешеуі тігілетіні дизайны бекітілген соң белгілі болады. Сапасына өте ерекше көңіл бөлеміз. Конкурста фабриканың немесе жеке кәсіпкердің бұрынғы жұмыстары қандай, кімге киім тіккені, қандай матаны қолданатыны, бәрі қарастырылады. Қазақстанда тігіле ме , шетелде тігіле ме оны да қарастырамыз.
Қазіргі күні қазақстандық спортшылар 12 спорт түрінен 32 жолдама алды. Олимпиада ойындарына дейін алда 100 күн бар, 40-қа жуық лицензиялық жарыстар бар: Азия чемпионаттары, әлем чемпионаттары, рейтинг турнирлер бар. Сол жерде тағы да жолдамаға таласады. Париж Олимпиадасына спорттың 20 түрінен кемінде 80 жолдама алуымыз керек. Сол кезде қанша адамға киім тігілетіні анықталады», - деді ол.
Ал, ҚР ҰОК спорт дирекциясының директоры Елсияр Қанағатов киім формасының дизайнын таңдайтын комиссия құрамында елімізге белгілі спортшылар, беделді адамдар болғандықтан, бәрі әділ өтті деп есептейді. Айта кетейік, ол комиссияның құрамында Қанағатовтың өзі де бар.
«Комиссияның құрамында болдым. Ол жерде Ольга Рыпакова, Елдос Сметов, Жамиля Бақбергенова сияқты көптеген даңқты спортшылар таңдау жасады. Сондықтан конкурс әділ өтті деп айта алам. Енді Спортты дамыту дирекциясында дауыстар саналып, қорытынды шығады. Дүниежүзілік жарыстарға спортшылар сапалы киіммен шығу керек. Былтырғы Азиядада болған олқылықтар Олимпиада ойындарында қайталанбауы керек. Ондай фактілер болмау керек. Әсіресе спортшылар киетін киімнің сапасы өте маңызды. Өз басым Joma (спорт киімі мен аяқ киімін тігетін испан компаниясы - авт. ) деген спорт киімдерінің брендін қолдадым. Олардың спорттық киімі өте сапалы», - деді Елсияр Қанағатов.
Айта кетсек, «Qazaq Olympic Style - өткеннен болашаққа» көрмесіне қазақты әлемге танытқан спортшылардың киімдері мен суреттері қойылған. Көрме жазғы Олимпиада ойындары басталғанша жалғасады.