«Ұлы дала тұлпары». Атыраудағы су тасқыны, дрон және 54 миллион теңгенің бәйгесі
Атырау облысының дене шынықтыру, спорт және туризм басқармасы лоттан бас тартты
Атырау облысының дене шынықтыру, спорт және туризм басқармасы сатып алу порталында «Ұлы дала тұлпары» тақырыпта бәйге өткізу үшін конкурс жариялап, оған 54,5 млн теңге бөлген, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
Лоттың техникалық сипаттамасына сенсек, ат жарысы өтетін жерге "ұзындығы 10 метр, биіктігі 3 метр, қазақи нақыштармен, декорлармен безендірілген, екі жағынан кіріп-шығуға арналған баспалдағы бар сахна" қойылу керек болған. Сонымен қатар, турникет, шабандоздар киетін 140 футболка алынып, 8 төреші дайындалу керек болған.
«Мал дәрігері, келеңсіз жағдайлардың алдын алу үшін жергілікті полиция және жедел жәрдем қызметкерлері, видео оператор, фото оператор тартылып, 15 дана сертификат, 15 дана кубок, 15 медаль алынуы керек. Сатып алу жеңімпазы әуеден түсіретін 1- дрон оператормен қамтамасыз етуі керек», - деп жазылған техникалық сипаттамада.
Ақпарат 16 сәуірде пайда болды. Атырау облысы әкімінің баспасөз қызметі жауап ретінде байқаудың төтенше жағдай жарияланғанға дейін жоспарланғанын алға тартты. Қазір әкімдік орын алған жағдайға байланысты оны жоюға өтініш берген.
«Лот Атырау облысында төтенше жағдай енгенге дейін жарияланды. Талқылау хаттамасына сәйкес конкурстық құжаттамаға өзгеріс енгізілді. №11975428-2 өзгертулер енгізілгеннен кейін өтінімдерді қабылдаудың басталуы 09.04.2024 жылға ауыстырылды. Сатып алуды ашу 30.04.2024 жылға жоспарланған болатын. Алайда, Атырау облысында төтенше жағдай жариялануына байланысты тапсырыс беруші мемлекеттік сатып алу туралы қолданыстағы заңның негізінде сатып алудан бас тартады. Облыстың барлық мемлекеттік мекемелеріне осындай Мемлекеттік сатып алуды тоқтата тұру туралы ескертілгенін қосымша хабарлаймыз", – деп түсіндірді әкімдікте.
Айта кетейік, Атырау облысында төтенше жағдай режимі 7 сәуірде жарияланды.