Депутаттар ШҚО-да опырылған жолды қалпына келтірді
Бұл туралы «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Жанболат Қазанов мәлім етті
Шығыс Қазақстан облысының әкімі Ермек Көшербаев су тасқынының алдын алу мақсатында аумақты әуеден бақылау барысында Марқакөл ауданына қарасты «Теректі – Ұрынхай – Төсқайың» тасжолының 13 шақырымын қайта қалпына келтіру жұмысымен танысты, деп хабарлайды Azattyq Ruhy партияның баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып.
«Биыл 12 сәуірде «Мраморное» асуы маңында топырақ көшкіні жүріп, облыстық маңызы бар жол опырылып түскен еді. Тұрғындар қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін аталған жол бөлігі жабылып, жедел қайта қалпына келтіру жұмысы басталды. Аймақ басшысы жол жөндеу жұмысының барысымен танысып, тиісті тапсырмалар берді. Жол жөндеуге қажет техникаларды тарта отырып, тасжолды жедел қалпына келтірдік. Жағдайды жіті бақылауда ұстаймыз», – деді облыстық мәслихат депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Жанболат Қазанов.
Оның айтуынша, облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес, жол қызметінің арнайы мамандары топырақтағы ылғал көлемін есептеп, өзге аумақтарда осындай жағдай қайталанбас үшін жағдайды бақылауға алған.