AMANAT депутаттары БҚО-да салынып жатқан бөгеттерді аралады
Олар батыстағы су басқан аймақтарға барып, жағдаймен танысқан
Мәжіліс депутаттары, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшелері Нартай Сәрсенғалиев, Еділ Жаңбыршин, Ринат Зайытов және Мәжіліс депутат Абзал Құспан Батыс Қазақстан өңіріне барып, су тасқынының алдын алу мақсатында бөгет соғылып жатқан аумақтарды аралады, деп хабарлайды Azattyq ruhy партияның баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып.
Депутаттар алдымен облыстық Төтенше жағдайлар департаментінде орналасқан жедел штабтың жұмысымен танысты. Еділ Жаңбыршиннің айтуынша, Ресей Федерациясына қарасты Орынбордағы су тасқыны бірер күнде осы Батыс Қазақстан облысына жетуі мүмкін.
«Орынбордан аққан судың тек бес пайызы ғана жерге сіңіп үлгереді. Өкінішке қарай, қалған су Оралға келеді. Соған байланысты қолда бар күшті, ресурсты ең алдымен осы өңірге жұмылдыру қажет. Тасқынға тосқын болатындай тас-түйін дайын болуымыз керек. Қазір аймақта барлық жұмыс жүріп жатыр. Жергілікті билік апаттың алдын алу мақсатында жүйелі жұмыс істеуде», – деді депутат.
Өңірде қарғын сауға қарсы қабылданып жатқан шаралар жөнінде департамент басшысы Руслан Қасыбаев және облыс әкімінің орынбасары Қалияр Айтмұхамбетов баяндады.
Облыс әкімінің орынбасары хабарлағандай, өңірде су тасқынының қаупі әлі сейілген жоқ. Мәселен, аймақтағы сегіз ауданда жағдай тұрақтанса, Жайық өзені бойында орналасқан қалған 4 аудан және Орал қаласына әлі қауіп төніп тұр.
«Жайық өзені бойында орналасқан Орал қаласы мен аймақтағы 84 ауылды қорғау жұмыс жалғасуда. Ауылдарды айналдыра дамба тұрғызылып жатыр. Үкімет тапсырмасына сәйкес, өзге өңірлерден арнайы техникалар келіп жатыр», – деді Қалияр Айтмұхамбетов.
Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін хабарлағанымыздай, БҚО әкімінің баспасөз хатшысы аймақтағы жағдай бойынша дабыл қаққан.