Астана – Петропавл тас жолында екі жүк көлігі соқтығысып, жүргізуші мерт болды

Бір адам ауруханаға түсті  

Астана – Петропавл тас жолында екі жүк көлігі соқтығысып, жүргізуші мерт болды
Фото: Ақмола облыстық ПД баспасөз қызметі

Астана – Петропавл тас жолының 112-шақырымында екі жүк көлігі соқтығысып, бір адам қаза тапты, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.    

Ақмола облысы ПД баспасөз қызметінің дерегінше, жол апаты 1 сәуір күні болған. Алдын ала мәліметтер бойынша, сағат 20:58-де Көкшетау жақтан келе жатқан DAF XF 95-480 маркалы көлігі жолдың шетінде тұрған КамАЗ-дың артына соғылған. Болжам бойынша, жол шетінде тұрған жүк көлігі ешқандай белгі бермеген, дабыл жарығы жанбаған.  

Соқтығысу салдарынан қос көлік те аударылып, жолдың екінші және үшінші жолақтарын жауып тастады. «КамАЗ» көлігінің жүргізушісі алған жарақаттарынан оқиға орнында жан тапсырды. DAF жүргізушісі әртүрлі жарақаттармен ауруханаға жеткізілді.  

«Қазіргі кезде, осы оқиғаға байланысты Қылмыстық кодекстің 345-бабының 3-бөлігі «Көлік құралдарын басқаратын адамдардың жол жүрісі немесе көлік құралдарын пайдалану ережелерін бұзуы» бойынша сотқа дейінгі іс қозғалып, тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Сонымен бірге, сот-медициналық сараптама тағайындалды», - деді ведомстводан.  

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.