«Кәріз коллекторы толып кетті»: Елордада Тұран мен Ұлы дала көшелерінің қиылысын су басты
Әкімдік оқиғаға қатысты түсініктеме берді
Жеке құрылыс салушылар мен бірқатар үйдің орталық жүйелерге заңсыз қосылуы себебінен Тұран даңғылындағы кәріз коллекторының жұмысына шамадан тыс жүктеме беріліп, салдарынан көшелердің қиылысын су басты, деп хабарлайды Azattyq Ruhy Елорда әкімдігіне сілтеме жасап.
Соның ішінде, кәрізге тасталынатын тұрмыстық заттар, құрылыс материалдары және т.б. қоқыс түрлері сорғы жүйесі мен тазарту қондырғылары жұмысының бұзылуына әкеп соқты.
«Аталған нысан 16 жыл бұрын салынған. Қазір оқиға орнында (Тұран және Ұлы дала даңғылдарының қиылысында) 20-дан астам арнайы техника жұмыс істеп жатыр. Жағдай бақылауда», - делінген хабарламада.
Бұдан бөлек, әкімдіктің мәліметінше Тұран даңғылында тағы бір магистральдық кәріз коллекторының құрылысы басталған болатын. Оның ұзындығы қолданыстағы коллектордың ұзындығынан үлкенірек, яғни 8 шақырымды құрайды.
Аталған магистральдық кәріз коллекторы құрылысының аяқталуы осы жылдың күзіне жоспарланған.
Қазіргі таңда жұмыстың жартысы аяқталған.