Алматы облысында трансформатор атылып, екі аудан жарықсыз қалды
Апатты жоюға 123 техника бірлігі мен 470 маман тартылды
Алматы облысының Талғар ауданында трансформатордан ақау шығып, бірқатар ауыл жарықсыз қалды, деп хабарлайды Azattyq Ruhy Алматы облысы ТЖД баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
«Сағат 19:20-да Алматы облысы ТЖД кезекші бөліміне Талғар ауданының Шымбұлақ ауылында қосалқы станцияның жанғаны туралы хабарлама келіп түсті. Оқиға орнына шығудың жоғары дәрежесі бойынша Алматы облысы ТЖД күштері мен құралдары жіберілді. Оқиға орнына келгеннен кейін трансформатордың өртсіз қысқа тұйықталуы болғаны анықталды», - делінген хабарламада.
Ал Алматы облысы әкімдігінің мәліметінше өңірдегі жедел-құтқару жасақтары төтенше жағдайлардың салдарын жоюмен айналысуда.
«Электрмен жабдықтауды қалпына келтірудің болжамды уақыты шамамен 3 сағатты құрайды. Жұмысқа 123 бірлік техника мен 470 адам жұмылдырылған. Барлық аудандарда диспетчерлік қызметтер тәулік бойы кезекшілікте. Әр диспетчерлік пунктте жұмысты жедел үйлестіру үшін орта есеппен 4-5 диспетчер бар», - делінген хабарламада.