Шымкентте бюджет қаржысын жымқырған бапкерлер сотталды

Олардың 6 млн теңгеден астам қаржыны жымқырғаны анықталды

Шымкентте бюджет қаржысын жымқырған бапкерлер сотталды
Фото: Azattyq Ruhy / Әсет Құндақбаев

Шымкент қаласының бапкерлері бюджет қаражатын жымқырды деген айыппен сотталды, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

Қалалық прокуратурадан хабарлағандай, сот үкімімен Шымкент қаласы Дене шынықтыру және спорт басқармасының спорт мектептерінің жаттықтырушылары бюджет қаражатын жымқыру фактісі бойынша 1 және 2 жыл мерзімге бас бостандығын шектеу жазасына сотталды.

«Сот талқылауы барысында жаттықтырушылар 2022 жылдан 2023 жылға дейінгі мерзім аралығында спортшылардың Алматы, Тараз қалалары мен Түркістан облысында оқу-жаттығу жиындарына барғаны туралы жалған жол жүру құжаттарын ұсынып, 6 млн теңгеден астам қаржыны жымқырғаны анықталды», - делінген ведомство хабарламасында.

Мемлекетке келтірілген шығын толығымен өтелді.         

Құқық қорғау органдары мемлекет қаржысын ұрлауға қарсы қылмыстарды анықтау және жолын кесу бойынша тұрақты жұмыс жүргізіп жатыр.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.