Олар екі күн бойы Талдықорғанда болды
Талдықорғанда екі күн карантинде болған азаматтар бүгін өз үйлеріне аттанды. Оларды тұрғылықты жерлеріне дейін жеткізіп салуды Алматы облысының әкімдігі мойнына алған. Біріккен Араб Әмірліктерінде жұмыс істеп жүрген отандастарымыз осыдан үш күн бұрын Талдықорғанның әуежайы арқылы елге оралған еді. Басым бөлігі қыздардан тұратын отандастарымызды тұрғылықты жеріне дейін шағын автобустармен барады.
«Облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес осы азаматтарды тұрғылықты жерлеріне тегін жеткізіп салу жұмыстары ұйымдастырылуда. Атап өтсек, Талдықорған мен Текелі қаласына жеткізілген 135 азаматтың 10 - Қостанай, 10 – Павлодар, 9 – Алматы, 8 – Шығыс Қазақстан, 6 – Ақтөбе, 5 – Ақмола, 4 – Жамбыл, 2 - Батыс Қазақстан, 2 – Маңғыстау, 2 – Қызылорда, 1 – Қарағанды, 1 – Түркістан облыстарынан, сол сияқты 31-і – Алматы, 27-сі – Нұр-Сұлтан, 16-сы – Шымкент, 1 - Байқоңыр қалаларының тұрғындары. Облыстар мен қалалардың тиісті жедел штабтарына азаматтар туралы алдын ала ақпараттар беріліп, қабылдап алу мәселесі келісілді. Бүгін олар арнайы көліктермен өз өңірлеріне жеткізіледі», - деп хабарлады Алматы облысы әкімідігінің баспасөз қызметі.
Оқи отырыңыз: «Бойлары ұзын, сұлу»: Араб әмірліктерінен эвакуацияланған қыздар Текелі шипажайында жаты
Олар арнайы рейспен елге келгенге дейін де БАӘ-де карантинде болған. Жолаушылардың бәрінен келген бетте тиісті анализдер алынып, қорытындысы таза болып шыққан еді. Екі күн Талдықорған мен Текелі қаласында оқшауланған азаматтар қиын сәтте көмек қолын соған билікке алғыс білдірді.
«Біздің анализдеріміз таза шықты, Құдайға шүкір. Текелі қаласында да дұрыс қарады. Табиғаты да ұнады. Ұйымдастыру шараларын жақсы жоспарлаған. Бүгін міне, үйімізге кетіп барамыз. Мен Павлодарға баруым керек енді. Қиын сәтте көрстекен қолдауларына алғыс айтамыз», - дейді Дана Ғалымжан.