$ 498.34  519.72  4.85
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
14.04.2020, 11:47
Қоғам

«Бойлары ұзын, сұлу»: Араб әмірліктерінен эвакуацияланған қыздар Текелі шипажайында жатыр

Жолаушылар Дубай мен Шаржа секілді туристік қалаларда жұмыс істеген

«Бойлары ұзын, сұлу»: Араб әмірліктерінен эвакуацияланған қыздар Текелі шипажайында жатыр

Алматы облысының орталығы Талдықорғанға Біріккен Араб Әмірліктерінен 11 сәуірде ұшып келген рейстің 135 жолаушысынан COVID-19 анықталған жоқ. Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі таратқан ақпараттық хабарламада Шаржадан келген жолаушылардың сараптама нəтижелері белгілі болған.

«Жолаушылардың бəрінен келген бетте КВИ-ға анализ алынған болатын. Барлығының қорытындысы теріс болып шықты. Алгоритмге сəйкес олар екі күн карантинде болуы тиіс. Осы мерзім біткеннен кейін облыс əкімі Амандық Баталов олардың əрқайсысын тұрғылықты жеріне жеткізіп салуды ұйымдастыруды тапсырды. Қазір  оған дайындық шаралары жүріп жатыр», - делінген аталған хабарламада.

Жолаушылардың ішінде 45 адам Талдықорғандағы қонақ үйлердің біріне орналастырылған. Тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін көшенің тұтас бір бөлігін жабуға тура келген. Ал, қалған 90 адам Текелі қаласындағы «Текелі» шипажайына уақытша қоныстаныпты. Бұл нысандарды арнайы полиция жасағы күзетіп, шетелден келгендердің тысқа шығуына қатаң тыйым салынған. Баспасөз қызметі Дубай, Шаржа және БАӘ-нің өзге қалаларынан келген жолаушыларға тегін тамақ, түрлі бағытта кеңес алу мүмкіндіктері қарастырылғанын айтты.

Аймақта белгілі журналист Сандуғаш Дүйсенова шипажайға арнайы барып, Әмірліктерден оралған отандастарымызбен тілдескісі келген. Ол «Azattyq Rýhy» ақпарат агенттігімен шипажайда көргенімен бөлісті.

«Қыздардың қандай жұмыс істейтіндері туралы ешкім айтпайды. Бірақ барлығының бойлары ұзын, түрлері әдемі. Сұлу қыздар. Сол жерде жүрген күзетшілерге темекі, балмұздақ, шемішке, "Coca Cola" сусынына тапсырыс беріп, жігіттер алып келіп жатыр екен. Бірақ бізді кіргізбеді, мен барып едім, кіргізбеді.  Бәрі қаздай тізіліп балкондарда тұр, темекілерін бұрқыратып. Әмірліктерде қайда жұмыс істегендерін кім білсін?», - деді Сандуғаш Дүйсенова.

Журналист бұл туралы Facebook-тегі парақшасында да жазды.

Сондай-ақ Шаржадан келіп, «Текелі» шипажайына қоныстанған жолаушылардың арасында Гүлмира есімді әйел телефон арқылы біздің тілшімізге жағдайды баяндап берді. Оның айтуынша қазақстандықтар Біріккен Араб Әмірлігінің әр жерінен Шаржа қаласына жиналып, Қазақстанға бірге ұшқан. Әйел бұл мемлекетке бір ай бұрын кеткенін айтады. Ол баласымен бірге 218 мың теңгеге билет алып, Талдықорғанға дейін келген.

«Келген түні бізден анализ алды. Бір рет тыңғылықты алды. Жағдай жақсы жасалған. Бізді жақсы тамақтандырып жатыр. Арнайы эпикировкамен жабдықталған персонал келеді. Біз бөлмемізден шықпаймыз. Тек балконға таза ауамен демалу үшін шығамыз. Күніне 5 уақыт тамақ береді, ыстық тамақ, салат бар. Бұл жердің суы қатты ұнады. Бұлақтың суы болса керек. Жуынатын жері, төсек орны, тазалық жағына ешқандай шағым жоқ. Бізбен бірге ер адамдар да, ата-апалар да ұшып келді», - дейді шетелден келген жолаушы.

Гүлмираның айтуынша, ол жақта да біздің елдегідей карантин. Тіпті Қазақстаннан да қатаң қарайды. Дүкенге шығу үшін онлайн-анықтама алу керек. Ол тек бір сағатқа жарамды. Егер кешіксең, полиция алып кетеді. Шетелдік болсаң, депортация жасайды. Ол елде медициналық маскасыз, қолғапсыз сыртқа шықсаң, айыппұл салады.

«Біз күте тұрғымыз келген. Бірақ, консул айтты, бұл соңғы рейс, кетсеңдер Шаржа қаласындағы әуежайға келіңдер деді. Бұдан былай әуе рейсі мүлдем болмайды деп ескертті. Біздің ол жақта туыстарымыз бар. Бірақ олардың да өз үйлері, тіршілігі бар. Біз де өз үйімізге қайтуға шешім қабылдадық. Біз Эмиратта бәрі осылай болады деп ойлаған жоқпыз. Бір ай бұрын барғанда жағажай, мейрамханалар жұмыс істеп тұрды. Сосын 4-5 күннен соң бәрі жабыла бастады», - деді «Текелі» шипажайында карантинде жатқан әйел.

Алматы облысы әкімі баспасөз қыметінің жетекшісі Ғалымұрат Жүкел қонақ үйлер мен шипажайға әкімдік қызметкерлері де, өзге де адамдардың кіруіне алгоритм бойынша тыйым салынғанын айтады. Ал, сараптама алатын адамдар арнайы қорғаныш киімдерімен ғана кіреді. 

«Карантиннің шарттары бойынша алгоритм бар, А1, А2 деген. Сол бойынша олар екі күн бізде болуы керек болатын. Облыс әкімі бұл азаматтардың келген жағдайларына қарай, бізге нақты тапсырма берген. Себебі олар шетелге жырғағаннан кеткен жоқ, біреуі жұмыс істеп жатыр, біреуі қыдырып болса да, уақытында қайта алмаған деген сияқты. Сондықтан біз оларға Жетісудың қонақжайлығын көрсеттік. Екіншіден, облыс әкімінің пәрмені бойынша әр аудан, қаладан адамдар бөлінді. Ертеңнен бастап оларды өз тұрғылықты жерлеріне жеткізіп тастаймыз», - деді Ғ.Жүкел.

Шарджа - Талдықорған бағытындағы əуе рейсі 11 сəуір күні сағат 21:30-да Талдықорған әуежайына қонған еді. Жолаушыларды күтіп алуға санитар дəрігерлер, 5 жедел жəрдем көлігі, құқық қорғау органдарының қызметкерлері, кеденшілері мен шекарашылар жұмылдырылды. Мұнан соң 135 жолаушы телеметрия процедурасынан өткізіліп, барлығының дене қызуы қалыпты екенін көрсетті.

Ришат Асқарбекұлы, Алматы

Серіктес жаңалықтары