«11-ші адам қайдан жұқтырғаны белгісіз» – 9 мың адам тұратын саяжай аумағы қоршауға алынды
Алматы облысы Есік қаласының түбіндегі төрт бірдей саяжай карантинге жабылды
Кеше бұл елді мекендегі «Алтын адам», «Көксай», «Алтын алма» жəне «Береке» деп аталатын төрт саяжайдың бірінен 9 адам инфекциялық ауруханаға жеткізілді. Алматы облысы әкімі баспасөз қызметінің жетекшісі Ғалымұрат Жүкел бұл саяжай массивтерінде 9 мың адам тұратынын хабарлады. Елдімекендер 15 күндік карантинге жабылды. Ауыл аумағынан тұрғындар сыртқа шығып кетпес үшін қатаң шаралар қолданылып жатыр.
«Қазір бұл саяжайларды айналдырып ор қазылды. Себебі, ауыл адамдары ол аймақтан шығып кетудің әрекеттерін жасады. Елдімекен ішін жаяу патруль қызметі бақылайды. Жалпы, 3 блок-бекет қойылды. Саяжай Есік қаласына Құлжа тасжолынан кіретін бағытта жолдың оң жағында орналасқан. Сақ қорғандарының музейіне жақын аумақта. Ол жерге негізінен аймақтардан көшіп келген халық қоныстанған. Олардың саны 9 мың адам екені белгілі болды. Бір-біріне тиіп тұрғандықтан, осы 4 саяжайды да жабуға тура келді», - дейді баспасөз хатшы.
Дәл қазіргі уақытта Алматы облысында 21 адамнан COVID-19 вирусы анықталды. Ауру ошақтары негізінен Алматы қаласына жақын орналасқан аудандардан шығып отыр. Осыған дейін Іле, Талғар, Қарасай және Еңбекшіқазақ аудандарында барлығы 12 науқас инфекциялық ауруханаларға жатқызылған. Ал 12 сәуірде бірден 9 адамнан қауіпті инфекция анықталды.
«Алматы облысында жақында анықталған науқастардың ішінде 11-ші адам болды. Сол адамның жақын туыстарынан кеше ауру анықталып отыр. Сол 11-ші адам қайдан жұқтырғанын өзі де білмейді. Сол кісімен тікелей қарым-қатынаста болған 29 адам бұрын оқшауланған еді.
Солардың 9-ынан енді вирус табылды. Негізінен, әлгі кісінің туыстары. Осы күнге дейін Еңбекшіқазақ ауданының жұқпалы аурулар ауруханасында 2 адам жатқан болатын, қазір олардың қасына 9 адам қосылды. Төрт саябақ 15 күндік карантинге алынды. Егер одан кейін бұл саяжайлардан тағы да анықталса, тағы да ұзартылады», - деді Ғалымұрат Жүкел.
ҚАУЕСЕТ ТАРАТҚАН ДӘРІГЕР ЖҰМЫСЫН ЖАЛҒАСТЫРАДЫ
Індет ошағына айналған жер – коронавирус туралы жалған ақпарат таратқан гинеколог-дәрігердің ауылы. Биыл қаңтарда Алматы қаласында 70 адам коронавирус жұқтырды деп айыпталған гинеколог-дәрігердің үстінен қозғалған қылмыстық іс қысқартылғаны белгілі болды. Думан Айтжанов дәл осы Есік елдімекенінде дәрігер болып жұмыс істейтін еді. Алматы облысы ПД Ресми өкілі Ақбота Әзірбек Azattyq Rýhy тілшісіне берген сұқбатында қылмыстық істің тоқтатылғанын растады. Дәрігерге ҚР ҚК 274-бабы 2-бөлімі 3-тармағы, яғни көрнеу жалған ақпарат тарату бойынша айып тағылған еді.
«Қазір Думан Айтжановқа қатысты қылмыстық іс қылмыс құрамының болмауына байланыты тоқтатылды. Қылмыстық процессуалдық кодекстің 35-бабы 1-тармағы 3 бөлімі бойынша, яғни іс-әрекетте қылмыстық құқық бұзушылық құрамының болмауына байланысты қылмыстық жауапкершіліктен босатылды»,- деді полиция өкілі.
Оқи отырыңыз: Алматыда коронавирус туралы жалған ақпарат таратқан гинеколог ұсталды
Сондай-ақ бүгін Алматы облысы Есік қаласында орналасқан Еңбекшіқазақ аудандық орталық аурухананың бас дәрігері Жәмила Әбілова да гинеколог-акушер болып жұмыс істейтін Думан Айтжановтың жұмыстан кетпегенін айтты. Бас дәрігер басы бәлеге қалған қызметкердің әлі еңбек демалысында екенін, оның алдағы уақытта бұрынғы жұмысына қайта оралатынын мәлімдеді.
Айта кетейік 30 қаңтар күні әлеуметтік желілерде Алматы қаласында коронавирустың көптеп таралып жатқаны, ендігі 70 адамның ауру жұқтырып үлгергені туралы жалған хабарлама тарап кеткен болатын. Бұл жалған ақпаратқа қатысты Алматы қаласы Тауарлар мен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті мәлімдеме жасап, тұрғындардан арандатушылық пен қауесетке сенбеуге, тек билік тарапынан берілетін ресми ақпарат көздеріне сүйенуді сұрай отырып, құқық қорғау органдарының арандатушыларды анықтап жатқанын айтқан еді. Көп ұзамай Алматы облысының Полиция департаменті күдікті ретінде ұсталған азаматты кешірім сұратып, тергеу біткенше ешқайда кетпеу туралы қолхатпен босатқан.
Ришат Асқарбекұлы, Алматы