Маңғыстау облысындағы жаппай улану: қылмыстық іс қозғалды

Темірхан Айжан

Жауапты тұлғалар 2 жылға сотталуы мүмкін

Маңғыстау облысындағы жаппай улану: қылмыстық іс қозғалды
Фото: polisia.kz

Маңғыстау облысы Бейнеу ауылындағы кафелердің бірінен тамақтанған тұрғындар жаппай уланып қалған, деп хабарлайды Azattyq Ruhy агенттігі Lada басылымына сілтеме беріп.

Маңғыстау облысы полиция департаменті тергеу басқармасының бөлім бастығы Айболат Мырзашев жаппай улану фактісі бойынша «Али-Ман» кафесінің үстінен қылмыстық іс қозғалғанын мәлімдеді.

«Оқиға орнын тексергеннен кейін кафе жабылды. Сараптама қорытындысы қалай дайын болады, солай процессуалдық шешім қабылданады. Қазіргі уақытта қылмыстық іс қозғалды, тергеу жүріп жатыр. Процессуалдық шешім қабылданғанға дейін кафе жұмысы тоқтатылады, - деді Айболат Мырзашев.

Ол осы іс бойынша кінәлі тұлғаларға айыппұл төлеу немесе екі жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы берілетінін атап өтті.

Айта кетсек, 25 ақпанда Бейнеу тұрғындарының жаппай тамақтан уланып, ауруханаға түсіп жатқаны туралы белгілі болды. Уланғандардың арасында 8 бала, 29 ересек адам бар. Оның ішінде екі жүкті әйел және бір жаңа босанған әйел бар.

Маңғыстау облысы Денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Бибизада Дүйсенбаеваның айтуынша, зардап шеккендердің 27-сі стационарда емделуде, 10 адам амбулаториялық емделуге жіберілді.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.