Трагедия. Күрес. Үміт: Түркиядағы зілзаладан кейінгі бір жыл
Ел Президенті Режеп Тайип Ердоған құрылыс жұмыстары туралы баяндады
Ресми дерек бойынша 50 мыңнан астам адамның өмірін жалмаған Түркиядағы жойқын зілзаланың болғанына бүгін бір жыл. 6 ақпанда Түркияның оңтүстік-шығысында бұрын-соңды болмаған жойқын жер сілкінісі тіркелді. Магнитудасы 7,7 балды құраған алғашқы жойқын соққы 2023 жылдың 6 ақпанында таңғы уақытта Қаһраманмараш провинциясында болды. Көп ұзамай жер асты дүмпулері Газиантеп, Хатай сынды көптеген қалаларда сезілді. Оның магнитудасы 6,5 болды. Бірнеше сағаттан кейін 7,6 баллдық жер сілкінісі қайтадан Қаһраманмарашта қайталанып, оның арты қаланың жаппай қирауымен, халықтың қырғынға ұшырауымен яқталды.
Azattyq Ruhy тілшісі бір жылда аймақта қандай жұмыстар атқарылғаны және жергілікті халықтың жағдайы туралы анықтап көрді. БҰҰ Даму Бағдарламасының мәліметтері бойынша, Түркияда 48 448 адам және Сирияда 5 954 адам қаза тапты. Түркиядағы жер сілкінісі мен одан кейінгі күшті афтершоктардан 115 мыңнан астам адам зардап шекті, ал миллиондаған адам баспанасыз қалды.
Жерасты дүмпулері Түркияда ғана емес, Сирияда, Израильде, Ливанда, Иракта, Грузияда, Арменияда, Кипрде және Қазақстанның оңтүстігінде сезілді.
Зілзаладан 11 провинция зардап шекті. Атап айтқанда, Каһраманмараш, Хатай, Адыяман, Османие, Газиантеп, Шанлыурфа, Малатия, Диярбакыр, Адана, Килис және Элазиг аймақтарында ғимараттар қирап, қатты бүлінді. Түрік билігінің мәліметінше, 670 мыңнан астам тұрғын үй құлаған.
Мына әуе кадрлары 2 ақпанда түсірілген. Рейтер агенттігінің хабарлауынша, бұл қатты зардап шеккен Хатай провинциясы. Жер сілкінісінен аман қалғандар әлі күнге контейнерлерде өмір сүруге мәжбүр.
Қазіргі уақытта жергілікті билік Үкімет уәде еткен жаңа тұрғын үйлердің құрылысымен айналысып жатыр. Апаттан кейін Президент Режеп Тайып Ердоған билігі екі жыл ішінде 11 провинциядағы 680 мың үйді қайта салуға уәде берді. Оның ішінде Хатайда 250 мыңға жуық ғимарат қирады. Шенеуніктер трагедияның болғанына турабір жыл болған кезде көптеген отбасыға жаңа пәтерлердің кілтін ұсынды.
«Мен өз клиенттерімнің көп бөлігін жоғалттым. Менің дәптерімде олардың есімдері бар, әрқайсысына қоңырау шалып, жағдайын сұраудамын. Алайда, олардың көпшілігі қайтыс болды... Дебиторлық берешегімнің көп бөлігін жойдым, себебі, клиенттерімнің көбі о дүниелік болып кетті», - деді жер сілкінісінен аман қалған және кәсіп иесі Элиф Мутлу.
Тігінші Элиф Мутлу – Хатай провинциясының тұрғыны. Зілзала салдарынан бизнесі күйреген ол аймақтан көшіп кеткен. Алайда, туған жерін көркейту үшін аймаққа қайта оралды. Шағын кәсіп ашқан Фикрет Гезичи де өзінің болашаған осы аймақпен ғана байланыстырады.
Экономикалық қысым жер сілкінісінен аман қалғандардың көпшілігін апаттан зардап шеккен қалалардағы бизнестерін қалпына келтіруге мәжбүр етсе, қолайлы ғимараттардың болмауы кәсіп иелерін балама шешімдер іздеуге мәжбүр етті.
«Мен мотоциклымды сатып, контейнер алдым. Камера мен басқа да қажетті жабдықты сатып алдым. Бір апта ішінде бәрін дайындап, Антакияға (Хатайға) көшіп келдім. Себебі, ешкім келмесе, онда прогресс болмайды», - деді кәсіп иесі Фикрет Гезичи.
Түрік шенеуніктерінің айтуынша, жер сілкінісі салдарынан шамамен 680 мың үй қирап, 390 мың отбасы үй алуға тіркелген. Жойқын жер сілкінісінен кейін үйсіз қалғандардың алғашқы легіне жаңадан салынған тұрғын үйлердің кілттері 3 ақпаннан бастап беріле бастады.
«Біз Хатайда 7275 үйдің кілтін табыстаймыз. Құрылыс жұмыстары аяқталғаннан кейін біз бүкіл аймақ бойынша 40 мың үйді біртіндеп тапсырамыз», - деді Түркия Президенті Режеп Тайып Ердоған Хатай қаласында өткен кездесу рәсімінде.
Ердоғанның айтуынша, алдағы екі айда 75 мыңға жуық үй тұрғындарға беріледі және Үкімет биыл барлығы 200 мың үйді тапсыруды жоспарлап отыр. Алайда зардап шеккендер тегін баспана алмайды. Оларға гранттар төленеді, ал оның мөлшері тұрғылықты аймаққа байланысты. Яғни, грант алу арқылы пәтердің құнын жылдар бойы бөліп төлеуге болады.
«Кенеттен (үйінділердің астында) мен сынған қолымның тіземе түскенін түсіндім. Сөзсіз қор болдым. Бірақ, өзіме «менің қолым жұлынды, бір қолымды жоғалтамын, бірақ бәрі жақсы, Құдай маған көмектеседі, бұл қиындықты жеңе аласың» дедім. «Гүлжан, бұл сіздің қолыңыз емес, ағаштың бір бөлігі» деп елестеттім. Мен осылай елестетіп, қолымды созып, әйнекті ұра бастадым, ал әйнек құлап, сынған», - деп еске алды Гүлжан Йылмаз.
Екі баланың анасы 47 жастағы Гүлжан зілзаладан аман қалған. Алайда бес тәулік бойы үйінді астында қалғандықтан, оның қолымен қатар бір аяғы да ампутацияланған. Суықтан аяғы үсіп қалған. Гүлжан физиотерапияға барып, ем алып жүр. Ол қазір өзге отандастары сияқты контейнерді паналауға мәжбүр.
Жалпы, 215 мыңнан астам контейнер салынды, қазір олар 414 контейнерлік қалашыққа біріктірілді.
Ақпан айындағы апатқа дейін елде ғимараттар салу үшін бірқатар қатаң ережелер енгізілді. Бірақ апат кезінде жаңа үйлердің бәрінің дерлік күлі көкке ұшты. Ел үкіметі қатаң ережелерді айналып өте алатын құрылысшылар мен шенділерді жазалау қажет деп шешті.
Үйлердің дұрыс салынбау ісі бойынша 997 адам ұсталды, құлаған сапасыз ғимараттардың құрылысына қатысы бар деген күдікпен 247 адам қамауға алынды. Сондай-ақ, сейсмикалық ақауларға жақын аудандарда және тұрақсыз жерлері бар аймақтарда құрылысқа рұқсат бермеу туралы шешім қабылданды.
«Жаңа құрылыс ережелеріне келетін болсақ, зардап шеккен аймақтарда көпқабатты үйлер салуға тыйым салынады», - деді ел президенті Режеп Тайып Ердоған.
6 ақпан күні орын алған жойқын жер сілкінісінде үйінді астында қалған адамдарды іздеп, құтқарысуға әлемнің көптеген елдерінен құтқарушылар көмекке келді.Трагедияға тап болған Түркия еліне Қазақстан билігі де құтқарушыларды аттандырып, гуманиятарлық көмекпен қатар қаржылай қолдау білдірді.
Ал 11 адамнан құралған ерікті топ қазақ халқының атынан 100 қазақ үйді Қаһарманмараш қаласына апарып тікті.
Фото: Марат Қалдыбаев