Шымкентте 4 науқастың коронавирусты қалай жұқтырғаны белгілі болды
Карантиндік стационарға жатқызылған 4 тұрғыннан зертханалық сынамалар алынған
Бүгін Шымкент қаласында коронавирус анықталған төрт адам бұған дейін індет жұқтырған адаммен қарым-қатынаста болған, деп мәлімдеді Мемлекеттік комиссияның шұғыл штабы.
Шұғыл түрде карантиндік стационарға жатқызылған 4 тұрғыннан зертханалық сынамалар алынған. Көп ұзамай ПТР диагностикалық зерттеу қорытындысы бойынша олардың бойынан COVID-19 диагнозы нақтыланды.
Еске салсақ, 9 сәуір күні елімізде коронавирус жұқтырған 32 адамның 4-уі Шымкент қаласының тұрғындары екені мәлім болған еді.
«Қазіргі таңда науқастардың жағдайы қанағаттанарлық. Бекітілген хаттамаға сәйкес тиісті ем жүргізілуде. Науқастармен қарым-қатынаста болған адамдар анықталып, барлығы медициналық бақылауға алынуда. Ауру ошақтарында эпидемиологиялық зерттеу, дезинфекциялық жұмыстар жүргізіліп жатыр», - делінген хабарламада.
Айта кетерлігі, Шымкентте COVID-19 коронавирус инфекциясын жұқтырған жалпы 27 адам анықталды.