Атырауда жол апатынан жедел жәрдем қызметкері қаза тапты

Автор: Azattyq Rýhy

Қайғылы оқиға Доссор-Бейнеу тасжолының 74-шақырымы тұсында болған

Фото: Атырау облыстық ПД баспасөз қызметі

Атырауда жол апатынан жедел жәрдем қызметкері қаза тапты, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

Облыстық полиция департаментінен хабарлағандай, қайғылы оқиға 9 қаңтарда сағат 18:30 шамасында Доссор-Бейнеу тасжолының 74-шақырымы тұсында болған.

«Төрт автокөліктің қатысуымен ірі жол-көлік оқиғасы болып, 1995 жылы туған азаматтың басқаруындағы «Газель» автокөлігі жедел-жәрдем автокөлігімен және 1993 жылы туған азаматтың басқаруындағы IVECO автокөлігі Rolfo Sirio автокөлігімен соқтығысқан. Оқиға салдарынан жедел-жәрдем автокөлігінің 1964 жылы туған медицина қызметкері оқиға орнында қаза тапты. Қазіргі таңда тиісті іс-құжаттар жинақталуда», - делінген ПД хабарламасында.

Айта кетейік, «Газель» автокөлігінің жүргізушісі мен жедел-жәрдем көлігінің жүргізушісі әкімшілік жауапкершілікке тартылған.

Осы ретте, атыраулық полицейлер жол қозғалысына қатысушылар назарына ауа райының күрт өзгеруіне байланысты жол жүрісі ережелерін қатаң сақтауды ескертеді.

Бұған дейін Ақтау – Жаңаөзен тасжолындағы апаттан екі адам опат болғанын және БҚО-да жантүршігерлік жол апатынан 5 адам қайтыс болғанын хабарлаған болатынбыз. Бес адам қаза тапқан жол апатынан бір жасар сәби аман қалған.