Атырау облысында әйел адам ауруханада салынған дәріден соң көз жұмған

Марқұмның балалары жауапты мамандардың қатаң жазалануын талап етеді

Атырау облысында әйел адам ауруханада салынған дәріден соң көз жұмған
Фото ашық дереккөзден

«Анамыздың өліміне дәрігерлер кінәлі». Осылай деп арызын айтқан Атырау облысы Балқұдық ауылының тұрғындары әділдік талап етті, деп хабарлайды Azattyq Ruhy агенттігі Almaty.tv-ге сілтеме жасап.

Ем іздеп барып көз жұмған 54 жастағы әйелдің балаларының айтуынша, 16 қазанда аналары бел ауруына шағымданып, орталық ауруханаға барған. Дәрігерлер науқасқа «ауырсыну, бел омыртқасының остеохондрозы» диагнозын қойып, ем тағайындаған. «Сол күні ақ халаттылар анама ешбір сынамасыз ине арқылы дәрі салған» дейді баласы. Араға 5 минут салып, аузынан көпірік ағып, қан қысымы төмендеп, сол жерде көз жұмған.

«Нұсқау бойынша екпені, яғни дәріні науқастың ағзасы көтер ала ма, жоқ па, тексеруі керек. Бірақ медбике нұсқауды орындамай, қан тамыры арқылы система біте бергенде салған. Сағат 11:30 шамасында анамызбен сөйлестік, ол кезде жағдайы жақсы болған. Біз отбасында 6 баламыз. 54 жастағы анамыздың өліміне екі дәрігерді кінәлі деп танимын. Барлық құзырлы орган өкілдерінен әділ шешім шығаруын сұраймын», – дейді марқұмның ұлы Жеткіншек Ислямов.

Оқиға болған күні Құрманғазы аудандық полиция бөлімі тарапынан қылмыстық іс қозғалып, сотқа дейінгі тергеп-тексеру жұмыстары басталған. Сот-медициналық сараптаманың қорытындысында өлімнің себебі анафилактикалық шок екені анықталған. Ал одан кейін шыққан Денсаулық сақтау министрлігі Атырау облысы бойынша Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитеті департаментінің сараптамасының нәтижесінде дәрігерлер тарапынан кеткен кемшілік нақты көрсетілген.

«Дәрігерлерден кеткен кемшілік көрсетілген. Құрманғазы аудандық Полиция бөлімімен сот-медициналық сараптамалық тағайындау қажеттілігі туындап отыр. Қазір полиция бөлімі тағайындау үстінде. Тиісті процессуалдық сараптама қабылданады деген сенімдеміз», – деді қорғаушы Руслан Меңдалиев.

Қазір ем тағайындаған дәрігер мен ем-дом жүргізген медбике жұмысын жалғастырып жатыр екен.

«Біздің тарапымыздан Құрманғазы аудандық ауруханасы арқылы жауапты мамандарға түрлі тәртіптік шара қолданды. Ал басқарма тарапынан ұйымдастырушылық қызметіне байланысты Құрманғазы аудандық ауруханасы директорына тәртіптік шара қолданылды», – деді Денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Алмагүл Әбілова.

Марқұмның балалары сот сараптамасы расталып, оқиғаға жауапты мамандардың қатаң жазалануын талап етіп отыр.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.