Майқайың кенішінде автобуспен бірге құлап кеткен екі адам әлі іздестіріліп жатыр

Автор: Мира Байбек

Барлығы 37 мыңнан астам текше метр топырақ пен тау жыныстары шығарылды

Фото: ҚР ТЖМ баспасөз қызметі

«Майқайыңалтын» АҚ аумағында іздестіру-құтқару жұмыстары тәулік бойы жүргізіліп жатыр, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

Төтенше жағдайлар министрлігінің хабарлауынша, ауыр техниканың көмегімен өткелді тереңдету жұмыстары жалғасуда. Барлығы 37 мыңнан астам текше метр топырақ пен тау жыныстары шығарылды.

«Жұмыста геосканер қолданылуда. Оның көмегімен 7 қаңтарда 5 метр тереңдікте топырақ астынан автобустың ықтимал орналасу орны анықталды. 8 қаңтарда топырақты қайта сканерлеу жүргізілді. Оның нәтижелері бойынша іздеу-құтқару жұмыстарының барысына түзету енгізілетін болады.

Оқиға орнына ТЖМ, КӘАҚҚ РОШ, жергілікті атқарушы органдар, «Майқайыңалтын» АҚ, полиция және жедел жәрдем бөлімшелерінен барлығы 139 адам және 47 бірлік техника жұмылдырылды», - делінген хабарламада.

Жазатайым оқиғаның себептерін тергеу мақсатында ҚР ТЖМ Өнеркәсіптік қауіпсіздік комитеті төрағасының орынбасары Мұса Танабаевтың төрағалығымен комиссия жұмыс жүргізіп жатыр.

Комиссия құрамына Павлодар облысы әкімінің бірінші орынбасары Серік Батырғұжинов, «Майқайыңалтын» АҚ бас директоры Қуаныш Ботин, өнеркәсіптік қауіпсіздік комитеті департаментінің, еңбек басқармасының, КӘАҚҚ РОШ, кәсіподақ ұйымының басшылары мен мамандары кірді.

Тақырыпқа орай: Майқайың кенішінде құлаған автобус табылды: оны шығару жолдары қарастырылып жатыр

Объективті тергеуді ұйымдастыру және жазатайым оқиғаның себептерін анықтау үшін төрт сараптама ұйымының өкілдері тартылды.

Естеріңізге сала кетейік, жұмысы тоқтатылған «Майқайың-алтын» шахтасының маңында автоубс жер астына құлап кеткен. Автобуста төрт адам болды, олардың екеуі 4 қаңтарда түстен кейін табылды. Іздеу жұмыстарына 134 адам, 37 машина, үш кинологиялық есеп және екі дрон жұмылдырылды.