$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
07.04.2020, 17:30
Оқиғалар

Алматыда «тозығы жеткен үйлер» орнына салынған жаңа баспаналар қирап жатыр

Тұрғындар шағымданды 

Алматыда «тозығы жеткен үйлер» орнына салынған жаңа баспаналар қирап жатыр

Қаладағы Мақатаев көшесі, 5А  үйдің тұрғындары осыдан 6 жыл бұрын пайдалануға берілген баспаналардың жылу жүйесі жарамсыз болып қалғанын айып шағымданды. Баспана иелерінің айтуынша, биылғы жылу маусымында құбырлардың 27 жерден жарылғанын анықтап, қыс ортасында едендерді ашып, жөндеу жұмыстарын жүрігізген. Көпқабатты үйдің тұрғындары бүгін Azattyq Rýhy тілшілеріне шағымданды.

Көппәтерлі баспана 2014 жылы қаладағы тозығы жеткен үйлерді бұзып, орнына жаңа үйлер салу мемлекеттік бағдарламасының аясында берілген. Тұрғындар қала әкімдігі жанындағы «Күрделі құрылыс кәсіпорны» ЖШС құрылысқа сапасыз материалдар пайдаланғанын айтады. Кеңес заманындағы ескі үйлердің орнына қайта бой көтерген үйлердің сантехникасы да ұқыпсыз жасалғанын алға тартып отыр.

«Біз бұл пәтерлерді 2014 жылы Ахметжан Есімовтің кезінде «тозығы жеткен үйлер» бағдарламасымен алғанбыз. Үйді мемлекеттік комиссия қабылдап, тіпті ашылуына Астанадан Үкімет басшысы да келіп қатысқан болатын. Биыл КСК-ға 27 пәтерден шағым түскен. Қытайда жасалған сапасыз пластик  құбырларды салған, тіпті суық суға арналған құбырларды жылуға арналған құбырлардың орнына салып жібергенін көріп отырмыз. Қыс бойы едендерді әр жерден ашумен әуре болдық. Өміріміздің берекесі кетті», - дейді Роза Есенқұлова атты тұрғын.

Видео: «Күрделі құрылыс кәсіпорны» ЖШС мамандары үйді аралап жүр

Тұрғындардың шағымынан соң үйдің жағдайымен танысуға «Күрделі құрылыс кәсіпорны» ЖШС өкілдері арнайы келіп, жағдаймен танысқан. Арнайы акт жасалып, кемшіліктерге хаттама толтырылған. Алайда 18.03.2020 жылы тұрғындарға жолданған жазбаша жауапта әкімдік өкілдері пәтерлердің қайтадан жөнделмейтінін айтыпты. Мемлекеттік мекеме көпқабатты үйдің кепілдік мерзімі 24.12.2015 жылы өтіп кеткенін айтып, Тұрғын үй туралы заңның аясында пәтер иелері кемшіліктерді өздері қалпына келтіруі керек деумен шектелген.

«Күрделі құрылыс кәсіпорны» ЖШС жауап хаты

Тұрғындар қазір бүлінген пәтерлерін жөндеуге асығар емес. Тұрғын үй қатынастары туралы нормаларға сәйкес жылу, су және өзге де инженерлік желілер кем дегенде 25 жыл қызмет етуі тиіс. Осының негізінде сотқа арызданудан басқа амалымыз жоқ дейді Р. Есенқұлова. «Күрделі құрылыс кәсіпорны» ЖШС  бас директоры Қанат Әлбеков те Azattyq Rýhy ақпарат агенттігі тілшісіне Алматы қаласы Мақатаев көшесі, 5А үйде орналасқан тұрғындар сотқа жүгінуі керек екенін айтады.

«Бұл үйдің тұрғындары маған хабарласты, хат та жазды. Тиісті жауабын бердік. Қазір, оның үстіне карантин, мен ешқандай көмек қолын соза алмаймын. Сараптама жасалған, бәрі жобамен салынған. Екі жыл кепілдік болды, одан бері 6 жыл өтті. Менде заңдық негіз болуы керек, артық қаражат бөлінбейді. Сондықтан бізден ешқандай көмек күтпесін. Сотқа шағымданамын десе, өз еркі», - дейді серіктестік басшысы.  

Ақпарат үшін: Алматыда ескі үйлерді бұзу бойынша 2012 жылы бағдарлама қабылданған. Бірақ қазірге дейін шаһарда небәрі 56 үй бұзылып, оның орнына 51 көпқабатты тұрғын үй салынған. Бағдарлама аясында 2030 жылға дейін 1 мыңға жуық баспана бұзылуы тиіс. Алайда, инвесторлардың жоқтығынан бағдаралама тоқтап тұр. Бағдарлама операторы «Күрделі құрылыс кәсіпорны» ЖШС дерегінше,  Алатау ауданында 23 үй, ал Наурызбай ауданында 8 үй бұзылмақ. Ең көбі Түрксіб ауданында. Мұнда 428 үйді қайта бұзып салу көзделген.  Алдағы он жылда аумағы 2 млн шаршы метр баспана салынуы керек. Ауқымды жоба Алматыда 1922 жыл мен 1963 жылдары аралығында салынған 1,5 мың ескі үйдің 70 пайызын жаңартуды мақсат етіп отыр.

Ришат Асқарбекұлы, Алматы

Серіктес жаңалықтары

Мақалада

#Алматы #ескі үй