Петропавл тұрғынының пәтерінен 6,5 млн теңге ұрланды
Жыл басынан бері Солтүстік Қазақстан облысында 240 пәтер ұрлығы тіркелді
Петропавл қаласы тұрғынының пәтерінен 6,5 млн теңге жоғалды. Кәсіпкер тауар сатып алуға жинаған ақшасын сейфке салып қойған. Қарақшылар қолға түскенімен, қолды болған қаржы толық қайтарылған жоқ, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі СҚО Полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Ұрлық фактісі 31 наурыз күні тіркелген. Үй иесінің жоқтығын пайдаланған ұрылар есікті кілтпен ашып, сейфті бұзып, ішіндегі ақшаны қолды еткен.
Тонаушылар соңынан ешқандай із қалдырмаған. Соған қарамастан, тәртіп сақшылары айғақтарды мұқият зерттеп, екі күдіктіні анықтады. Олардың бірі бұрын бұзақылық жасағаны үшін, екіншісі өзгенің мүлкін тонағаны үшін сотталған. Ұрланған соманың бір бөлігі иесіне қайтарылды.
«Қазір қылмыстың барлық мән-жайын анықтауға бағытталған сотқа дейінгі тергеу және іс бойынша қосымша айғақтар жиналып жатыр. Айта кету керек, пәтер ұрлығының алдын алу үшін күзет агенттіктерімен келісім жасап, дабыл орнатып, подъездерге бақылау камераларын орнату ұсынылды. Сонымен қатар, ең сенімді құрылғыларды іздеп, пәтер құлпын мұқият таңдау керек», - дейді СҚО Полиция департаменті бастығының орынбасары, полиция полковнигі Руслан Назаров.
Аталған факт Қылмыстық кодекстің 188-ші бабы 4-ші бөлігі (ұрлық – авт.) бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне енгізілді.
Жыл басынан бері Солтүстік Қазақстан облысында 240 пәтер ұрлығы тіркелді. Аталған фактілер бойынша қылмыс ашылды.
Эльмира Мәмбетқызы, СҚО